Жаңалық Редакция таңдауы

Әлемдегі ең ірі музейлердің бірі Қазақстанда екенін білесіз бе?

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі - Орталық Азиядағы ең жас әрі ең ірі музей. Музей еліміздің бас алаңы – Тәуелсіздік алаңында орналасқан. Оның асқақ, бірегей ғимараты осы маңдағы «Қазақ елі» монументімен, Тәуелсіздік сарайымен, Бейбітшілік және Келісім сарайымен, «Хазірет Сұлтан» мешітімен және Ұлттық өнер университетімен үйлесім тапқан.

Мұражайдың ерекшеліктері өте көп. Оның аумағының өзі 74 мың шаршы метрді құрайды. Эрмитаж (180 мың), Лувр (160 мың), Метрополитен деген Американың керемет музейі (110 мың), Третьяков галереясы (70-75 мыңдай), Корея музейі (135 мың) сияқты әлемдегі аумағы үлкен мұражайлардың қатарында.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде табылған көптеген құнды дүниелер Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің баға жетпес қорын құрайды. Музей ғимараты ерекше пішінімен алыстан көз тартады. Тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 000 шаршы метрден асатын экспозициялық алаң 18 залды алып жатыр. Олар: Нұр-Сұлтан залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Алтын залы, Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Этнография залы, Қазіргі заманғы өнер залы. Ұлттық қазынаны зерделеу жөніндегі музей құрылымы ғылыми-зерттеу институтынан тұрады. Сондай-ақ балалар музейіне, балалар шығармашылығы орталығына, екі көрме залына, қалпына келтіру шеберханасына, зертханаларға, кәсіби қор сақтауға, оқу залы бар ғылыми кітапханаға, мәжіліс залы мен кәдесый дүңгіршектеріне арналған бөлмелер көзделген.

Ежелгі және ортағасырлар тарихы залы.

Зал экспозициясы тас дәуірі, қола дәуірі, ерте темір дәуірі және ортағасырлар кезеңіне бөлінген 4 тақырыптық бөлімдерден және ежелгі Қазақстан тұрғындарының антропологиялық зерттеулеріне арналған бөлімшеден тұрады.

«Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» залы.

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнеріне арналып, көшпелі өркениеттің салт-дәстүрі және әдет-ғұрпын, ұлттық құндылықтарын дәріптеуде ерекше маңызға ие. Зал экспозициясында музей көрермендері назарына қазақ халқының XIX-XX ғасырлардағы зергерлік әшекейлері, дәстүрлі киім үлгілері, киізден жасалған үй бұйымдары мен кілем түрлері және үй жиһаздары ұсынылған.

Қазақ жерінің сан ғасырлы тарихын таныстыратын Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің басты залдарының бірі «Қазақстан тарихы» залы.

Экспозиция үлкен және екі кіші залда орналастырылған. Экспозицияның негізгі бөлігінде XIII -XX аралығында қазақ даласында болған саяси оқиғалар, көшпелі мәдениеттің қалыптасуы мен қазақ халқының рухани өмір салты бейнеленген. Экспозицияда қазақ мемлекетінің құрылуы, мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы, қазақ руларының жоңғар жауларшыларына қарсы күресі, қазақ жерінің Ресей империясының құрамына кіруі және ХХ ғасырдың аяғына дейінгі басқа да тарихи процестер туралы баяндалады.

«Материалдық емес мәдени мұра» залы.

Зал экспозициясы 8 бөлімді қамтиды және видео-контентпен сүйемелденген. Материалдық емес мәдени мұра – ұрпақтан ұрпаққа берілетін және материалдық емес мәдени құндылық болып табылатын салт-дәстүр, түсініктер мен пайымдардың нысандары, білім мен дағдылар, сондай-ақ олармен байланысты құралдар мен заттардың жиынтығы.

«Нұр-Сұлтан» залы.

Нұр-Сұлтан залы тәуелсіз Қазақстанның елордасы ретінде Астана қаласының пайда болуы, қалыптасуы және дамуы тарихын бейнелейтін маңызды нормативтік-құқықтық актілердің, фотодеректі материалдардың жүйеленген жинағы түрінде ұсынылған. Зал материалдары хроникалық-деректі тәртіппен қойылған. Ол қаланың ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихын шолуға мүмкіндік береді.

«Тәуелсіз Қазақстан» залы.

Тәуелсіз Қазақстан залында мемлекеттің қалыптасуынан бастап саяси және экономикалық реформалардың жүргізілуі, жаңа өнеркәсіптің құрылысы, сыртқы саясаттағы жетістіктер, білім мен ғылым, мәдениет пен спорт саласындағы реформалар айқын көрсетіледі. Залдың экспозициясы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетті құру және нығайтудағы тарихи рөлі жан-жақты ашып көрсетеді.

«Асыл мұра» залы.

«Асыл мұра» залында, негізінен, жеке коллекциядан алынған музей заттары ұсынылған. Мемлекет қайраткері И. Тасмағамбетовтың жеке коллекциясы XVIII-XX ғғ. жататын қазақ халқының қолданбалы өнер туындыларының бірегей жиынтығы болып табылады. «Асыл мұра» залында зергерлік әшекейлер, әйелдер мен ерлердің белдіктері, ат-әбзелдері және археологиялық заттар ұсынылған.

«Көне түркі өркениеті» залы.

«Көне түркі өркениеті» залы Ұлы дала төсінде империялық дәрежеге жеткен ортағасырлық түркілердің материалдық, рухани мәдениет құндылықтарына арналған.

Ежелгі өнер және технологиялар» залы.

Зал көрмесінде назарларыңызға ел тарихынан сыр шертетін қола дәуірінен бастап, ерте темір дәуірі мен кейінгі орта ғасырларға тән жәдігерлермен қойылған. Залымызда негізгі жәдігерлер ел тарихында ауқымды кезеңді қамтитын ерте темір дәуіріне тән археологиялық олжалардан тұрады.

Графика және мүсін залы.

Экспозиция Қазақстандағы кәсіби бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуы туралы баяндайды: Графика – Е. Сидоркин, А.Дінікеев, Ү.Әжиев, Н.Аштем, С.Айтбаев, М.Ержанов, А. Ысмайылов, А.Ақанаев, Қ.Закиров, П.Антоненко, Н.Гаев, В. Толчинский. Мүсін өнері бойынша – Қ.Нұрбатыров, А.Билык, Ю.Буштрук, Е. Мергенов, Е.Сергебаев, А.Құмаров, Д.Сәрсекеев, Н.Мұхатаева, П.Иванов, Д. Бродскаяның туындылары бар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button