Жаңалық Редакция таңдауы

Музейде қандай ережелер сақталуы тиіс?

Әлем елдеріне саяхат жасағанда көптеген адамдар көркем-сурет галереялары мен түрлі қойылым көрмелерді тамашалауға тырысады. Жаһан жауһарлары және ұлттық мәдени жәдігерлермен жақын танысуды өзіңізге және өзгелерге жайлы етіп қалай ұйымдастырған дұрыс. Бүгін біз музейдегі этикет ережелеріне тоқталатын боламыз.

Кез келген өнер ордасы киім ілетін орыннан басталады. Сырт киіміңізді, қолға ұстаған сөмке,қолшатырыңызды, үлкен заттарыңызды міндетті түрде гардеробқа тапсырыңыз. Ірі көлемдегі заттар жәдігерлерді зақымдауы мүмкін және өзіңіздің жүріп тұруыңызды қиындататыны сөзсіз. Сондықтан шағын сөмкені ғана алып жүрген абзал.

Көптің назарына ұсынылған бірегей жәдігерлер мен мәдени ошақтардың мүлкіне бей-жай қарамаңыз. Оны суретке немесе бейнекамераға жазуға рұқсаттың бар-жоғын сұрап алыңыз. Кей заттарға камера жарқылы зиянды болуы мүмкін. Көркем сурет алында селфи жасап, оны әлеуметтік желіге жүктеген кезде көрме атауы мен автор есімін және тағы басқа да тиісті мәліметтерді қатесіз жазыңыз. Картинаның бір бөлігі ғана түсірілген  суретті салып оған «керемет», «тамаша» деп жазу дұрыс емес. Музей және көрме жәдігерлерін қолмен ұстауға тиым салынады. Бұл туралы ескертулер көрме залындағы арнайы тақтайшаларда жазылады.

Үлкен музейлерде адасып кетпес үшін арнайы жол сілтемені алып жүріңіз. Ол әдетте көрмеге кіреберісте сатылады. Музей ішін мейілінше тыныш аралаған абзал, айғайлап сөйлеу немесе серігіңізді дауыстап шақыру ерсі саналады. Сондай-ақ туынды немесе оның авторы жайлы сыни пікірлер мен ойларыңызды дауыстап қатты айту әбестікке саналады. Мұндайда «6 орам» ережесін есте сақтаңыз, яғни көрме өткен жерден осындай арақашықтыққа кеткеннен кейін барып ұнамсыз пікір мен бағаңызды бере аласыз.

Егер жәдігер жанына адам көп жиналса, орын босағанша күте тұрыңыз. Сөре немесе суретті көру үшін өзгелерді итеріп, алға қарай қыстырылып өтіп кетуден аулақ болыңыз. Сондай-ақ өзгенің көз алдын жауып, қалқалау дұрыс емес.

Екі-үш жылда бір рет өтетін музей экспозициялары коммерциялық емес және сатылымға түспейді. Егер сіз галереядағы көрмеге барсаңыз онда еркін түрде ұнаған туындының бағасын сұрай аласыз.

Танымды саяхат өзгелерге және сіздің өзіңізге де тұшымды болсын десеңіз қоғамдық орындарды қабылданған заңдылықтарды сақтауға тырысыңыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button