Жаңалық Редакция таңдауы

Ақтау тұрғындары референдум жайлы не ойлайды?

Бүгін, 27 мамыр күні Ақтау қаласында «Конституциялық реформа: саяси трансформацияның қазақстандық жолы» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Шараны Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырыс қатысушылары алдағы референдумның елді дамыту мен қоғамды демократияландырудағы маңыздылығын, сондай-ақ Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның рөлін талқылады. Сарапшылар елдің басты құжатына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мемлекеттің саяси жүйесіне қалай әсер ететіні туралы пікір алмасты.

Іс-шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, сондай-ақ Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшылары қатысты.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Самат Нұртазаның модераторлығымен өтті.

«Алдағы референдум елде бүкіл жүйені демократияландыру мен либерализациялау жүріп жатқанын көрсетеді. Бұл мемлекетті өзгерту мүмкіндігі. Мемлекет басшысы халықпен ақылдасып, жауапкершілікті бөлісіп және халықтан кері байланысты естуді қалайды. Бізге либерализмді, демократияны, бостандықты және ең бастысы әділеттілікті таңдау ұсынылады».

Отырысты Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Əбілқайыр Байпақов ашты.

«Конституциялық реформа бүкіл мемлекеттік модельді кешенді түрде трансформациялауға бағытталған. Біз еліміздің болашағына немқұрайлы қарамауымыз керек. Қазақстанның болашағы біздің қолымызда, біз қабылдайтын шешімдерден құралады».

Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Аббат Өрісбаев Президенттің бастамасын қолдауға шақырып, өзгерістер халықтың дауысына жауап ретінде болып жатқанын атап өтті.

«Халық конституцияға енгізіліп отырған өзгерістерді қолдап жатқандығын байқап жүрміз, дегенмен әрбір азаматтың дауысы маңызды болғандықтан өткізілгелі отырған референдум туралы неғұрлым көп ақпарат айтып, ақпараттандыру жұмыстарын қарқынды жалғастыру керек».

Өз кезегінде Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Уайс Ерсайынұлы референдумға қатысу – әрбір қазақстандық үшін өзінің азаматтық ұстанымын көрсетуге мүмкіндік екенін атап өтті:

«Президент Конституцияға енгізілетін өзгерістерді әуелі Ұлттық кеңестің талқысына салды. Бұл өзгерістер бір күнде бір адамның айтуымен дайындалған өзгерістер емес. Жылдар бойы қалыптасқан халықтың сұранысы, біздің талқылаудан өткен өзгеріс. Барлық саяси өзгерістердің бастауы – референдум. Яғни, жаңадан құрғалы жатқан саяси жүйеміз – Жаңа Қазақстанымыздың іргетасы. Конституциялық өзгерістерді кейінге қалдыра беретін болсақ, тағы 30 жыл уақыт жоғалтамыз. Сондықтан біз өзгерістерді бүгін жүзеге асырсақ, жемісін ертерек жейтін боламыз. Ендігі кейінге қалдыра берсек оның үстіне тағы да мәселелер қосыла береді. Сол себепті референдумды тезірек өткізіп, конституцияның өзгерістерін тезірек қабылдау, саяси жүйені өзгертуді неғұрлым жеделдетеді деген мақсатта жасалып жатқан дүние».

«Референдум – халықаралық тәжірибеде мемлекеттің саяси жүйесіне, оның өзгеруіне бірден бір бастау болатын науқан. Алдағы референдум ойдағыдай өтіп, халық тарапынан қолдауға ие болса, одан кейінгі үлкен өзгерістер қазақ тілінің төңірегінде болғанын қалар едім», – деді Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Аят Сүгірбай.

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев сайлау жүйесіне қатысты Конституциядағы өзгерістерге жеке тоқталды.

«Конституцияның 87 бабындағы өзгерістерге сәйкес енді облыс әкімдері жанама жолмен сайланады. Ол үшін кемі екі кандидат ұсынылып, сол облыстағы барлық маслихат депутаттарының сайлауымен таңдалатын болады. Республикалық маңызы бар 3 қаланың әкімдері де осы тәртіппен таңдалады. Конституцияның 56-бабындағы жаңартуларға сәйкес «Есеп комитеті» ендігі кезекте «Жоғарғы аудиторлық палата» болып өзгеріп, жылына екі рет Мәжіліс алдында есеп береді. Конституцияның 83-бабында адам құқықтары жөніндегі өкілдің құзіреттері көрініс тауып өз қызметі барысында мемлекеттік органдарға тәуелсіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.  Референдум – мемлекеттік маңызды істерді халықпен ақылдаса отырып шешетін демократиялық процесс. Алдағы референдумда халқымыз Конституциялық өзгерістермен жан-жақты танысып, өз таңдауын жасайды деп сенеміз».

Соңғы әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша референдумды халықтың 72%-дан астамы қолдады. Бұл туралы ҚҚДИ сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев мәлімдеді.

«Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды енгізу бұған дейін де болғаны белгілі. Ата заңымызға қатысты референдум осыдан 27 жыл бұрын өтті, кейінгі өзгертулер Парламент қарауына ұсынылып, депутаттардың мақұлдауымен өзгеретін. Халықтың пікірі ескерілмейтін. Осы жолы да  Ата заңға енетін өзгертулерді Парламентте дауысқа салып «бір ауыздан» мақұлдап жіберуге болатын еді. Бірақ, Мемлекет басшысы жалпы халықтың таңдауына беріп, референдум өткізуді ұсынып отыр. Бұл өте дұрыс шешім және ел болып қолдауға лайықты іс деп ойлаймын.  Жалпы референдумға қатысты қоғамның әртүрлі топтарынан, түрлі салада жұмыс істейтін азаматтардан көптеген сұрақтар қойылып жатыр, оның да себебі бар, осы уақытқа дейін «сайлау», «дауыс беру» ұғымдары Президентті сайлау немесе Мәжіліс, Маслихат, депутаттарын сайлаумен байланысты болып келгені рас. Соңғы әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі бойынша 72%-дан астам халық референдумды қолдап отыр. Бұл жақсы көрсеткіш, азаматтарымыздың саяси белсенділігі жоғары екені байқалады. Қазақстанда 11 миллионнан астам адам республикалық референдумға қатыса алады, олардың басым бөлігі жастар. Яғни 18-45 жас аралығындағы әрбір қазақстандық бірінші рет өз таңдауын жасап, еліміздің әділ әрі дамыған мемлекет болуына өз үлесін қосайын деп отыр. Референдум арқылы жүзеге асатын конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады деп толық сеніммен айта аламыз. Сондай-ақ, өзгерістер өңірлердегі әкімдердің, барлық деңгейдегі халық қалаулыларының жауапкершілігін күшейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғау саласын нығайтуға ықпалы жоғары. Сондықтан әрбір азамат дауыс беруге қатысып, елдің одан әрі дамуы үшін өз таңдауын жасағандары абзал».

Өз кезегінде ҚҚДИ сарапшысы Дияс Рахимбаев референдумға қатысу – әрбір қазақстандық үшін өзінің азаматтық ұстанымын көрсету мүмкіндігі екенін атап өтті:

«Еліміздің Негізгі заңына мемлекеттік басқару моделін түрлендіретін және сонымен бірге қоғамдық процестердің жаңа кезеңінің басталуына түрткі болатын елеулі өзгерістер енгізілуде. Бұл азаматтардың саяси процестерге әсер ету қабілеті мен субъективтілігін күшейтетін қоғамда күтілетін өзгерістер екені сөзсіз. Енді жаңа парадигмаға сәйкес президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейіп, белсенді азаматтарға саяси аренада жол ашылып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаймақ. Айтылған өзгерістерді тиімді жүзеге асыру үшін Конституциялық реформа қажет. Бұл өте орынды және біз жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік модельдің жаңаруын толықтай қолдау керекпіз. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Алдағы референдум әрбір азаматқа Қазақстанның болашағын айқындайтын тарихи оқиғаға тікелей қатысуға мүмкіндік береді». Өйткені бұл конституциялық реформа бүкіл мемлекеттік үлгіні жан-жақты өзгертуге бағытталған».

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button