Жаңалық

Геолог болудың артықшылықтары қандай?

Геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу Қазақстан экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Елімізде жаңа технологиялардың қарқынды енгізіліп, өндірістің жаңғыртылып жатқанын ескерсек, жұмыс берушілерге жоғары білікті геологтар қажет. Талапкерлерге оқу үшін қайда баруға және де болашақта осы мамандық иесі бола тұра, даму сатысымен қалай көтерілуге болатынын анықтауға тырысайық.

Геолог болудың артықшылықтары

Қазір Қазақстандық мектеп түлектерінің алдында тек мамандық таңдау ғана емес, түсетін оқу орнын анықтау дейтін қиын міндет тұр. Геолог болу оңай емес, бірақ қызықты.  Себебі, біріншіден бұл жер қойнауын зерттеу болса, екінші, пайдалы қазбаларды іздеу және барлау жұмыстарынан тұрады. Сонымен қатар, алынған нәтижелер негізінде карьерлер мен шахталарды игеру жұмыстарын атқарады.

Геологтар әрдайым сұранысқа ие, өйткені жаңа кен орындарын іздеу және қолданыстағы кен орындарында жұмыстар жалғасуда. Бұл кәсіптің бағыттары аз емес: геологтар-іздеушілер, геологтар-мұнайшылар, гидрогеологтар, геохимиктер, геофизиктер және т.б. Ал жалақысына келетін болсақ, оның мөлшері кәсіби деңгейге, атқаратын лауазымына, еңбек жағдайларына, аймаққа және нақты кәсіпорынға байланысты. Қазақстанның электронды еңбек биржасы мен HeadHunter сайттарында жалақы мөлшері орта есеппен 200 000 теңгеден 700 000 теңгеге дейін. Белгілі бір дәрежеге жетіп, жақсы тәжірибе жинақтаған соң ол айтарлықтай артады.

Геолог болу үшін арнайы білім қажет. Оқу деңгейі туралы толық ақпарат алу үшін ЖОО таңдау кезінде докторлық дәрежесі және доцент немесе профессор атағы бар оқытушылар санымен, аккредиттеуден өткен ғылыми-зерттеу базасымен, жұмысқа орналасу пайызымен және білім беру мекемелері арасындағы рейтингпен танысу қажет.

 Қайда оқуға болады: болашақ геологтарды оқытатын QS рейтингіне енген жоғары оқу орындар

Жыл сайын жоғары оқу орындарының рейтингтердегі орындары өзгеріп отырады, сондықтан QS World University Rankings жаһандық зерттеуіне (Quacquarelli Symonds британдық компаниясының нұсқасы бойынша әлемдік маңызы бар үздік университеттердің жыл сайынғы рейтингі) сүйене отырып, 2022 жылы үздіктер тізіміне енген қазақстандық оқу орындарын қарастырамыз.

Биыл тізімде 14 қазақстандық жоғары оқу орны бар, оның ішінде 3 оқу орны болашақ геологтарды дайындайды. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ТОП-600 қатарына енді. Мұнда «Гидрогеология және инженерлік геология», «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» мамандықтары бойынша білім алуға болады. ТОП-1000-ға кіретін Қазақстан-Британ техникалық университеті «Қатты пайдалы қазбалардың кен орындарының геологиясы және барлауы», «Мұнай және газ геологиясы», «Пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу мен барлаудың геофизикалық әдістері» мамандықтары бойынша оқытады. Рейтингке енген тағы бір жоғары оқу орны – Қарағанды техникалық университеті, оған «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау», «Тау-кен ісі», «Пайдалы қазбаларды байыту» бағыттары бойынша түсуге болады. Осы ЖОО-лар дамушы Еуропа және Орталық Азия елдерінің QS EECA University Rankings жоғары оқу орындарының рейтингіне де енді. Олармен қатар тізімде тағы 31 жоғары оқу орны бар, олардың арасында геологтар даярлайтындар да бар. Мысалы, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау», «Тау-кен ісі», «Пайдалы қазбаларды байыту» салалары бойынша оқуға түсе алады. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру» бойыша білім береді. «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» бағыты бойынша геолог-мамандарды даярлайтын тағы бір жоғары оқу орны – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті.

Қазақстандық жоғары оқу орындарын тәмамдаған геологтар еңбек нарығында сұранысқа ие. Олар белгілі ірі компанияларда жұмыс істейді. Мысалы Polymetal, ERG, ArcelorMittal, “Қазмұнайгаз”, “Казахмыс”, KAZ Minerals Plc және т. б.

Мамандық бойынша қалай даму қажет: онлайн платформалар және корпоративтік бағдарламалар

Жұмыста жетістікке жету үшін  университетте алған білім кейде жеткіліксіз. Жер қойнауын пайдалану саласының ұдайы жаңғырып отыратынын ескерсек, геологтар үшін үздіксіз даму өте маңызды.

Бірінші нұсқа – білім  берудің онлайн-платформалары арқылы біліктілікті, білім деңгейін және дағдыларды арттыру. Мысалы, Skillbox, Coursera, Stepik, Udemy, онда ақылы курстар да, ақысыз курстар да бар. Мұнда геологтар кәсіби дамумен және өзін-өзі дамытумен айналыса алады, деректерді жинауды және талдауды үйренеді, әртүрлі бағдарламаларда 3D-проекцияларды жасай алады. Оқу кезеңінде дәрістерді тыңдау, қосымша ақпаратты оқу, практикалық тапсырмаларды орындау қажет. Оқу аяқталғаннан кейін сертификат беріледі.

Екінші нұсқа – жұмыс  берушілер әзірлейтін корпоративтік бағдарламалар. Қызметкерлерді тәжірибелі қызметкерлер ішкі жаттықтырушылар, арнайы шақырылғандар да оқытады. Әдетте оқыту дегеніміз – біліктілікті  арттыру, шетелдік тағылымдамалар, тәжірибе алмасу, ішкі курстар.

Мысалы, Polymetal-да жұмыс істейтін геологтарға кәсіби даму, өзін-өзі дамыту, математикалық әдістер және бағдарламалық қамтамасыздандыру бойынша ішкі курстар ұсынылады (Datamine, Micromine, MineVision, Leapfrog, ArcGis). Біліктілікті арттыру бағдарламаларына қызметкерлер, соның ішінде жаңадан келгендер де қатысады. Сонымен қатар Қазақстан қалаларында ғана емес, одан тыс жерлерге де барып оқи алады.  Сондай-ақ, компания кәсіпорындарында ішкі кадрлық резерв жобасы бар. «Резервшілер» тізімін қалыптастырғаннан және бекіткеннен кейін әрбір қызметкер үшін міндеттері мен оларды орындау мерзімдері көрсетілген жеке даму жоспары, сондай-ақ оқыту бағдарламасы жазылады. Осылайша, жобаның арқасында белгілі бір лауазым бойынша кадрлар резерві дайындалады, бұл кейіннен мансаптық сатының келесі деңгейіне тез және оңай ауысуға ықпал етеді.

ERG тобында «LIFT» атты жастар кадрлық резерві де табысты жұмыс істеуде. Жоба дамуға, мансап құруға ұмтылатын жас мамандарға арналған. Оған арнайы білімі және кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар өндірістік персонал қатарындағы қызметкерлер қатысады. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады, сонымен бірге олар қатысу үшін сауалнамамен бірге ұсынылған жобаны жібереді.

Мысал ретінде, «KAZ Minerals» компаниясындағы Корпоративтік оқуды қарастырайық. Ол шартты түрде үш түрге бөлінеді: еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы және жеке мамандықтар бойынша міндетті сертификаттау. Бір қызығы, компанияда мамандықтардың матрицасы әзірленген, онда әрқайсысына белгілі бір кезеңділікпен өткізілетін міндетті оқу курсы бекітілген. Қызметкерлер қосымша дағдыларды білім беру курстары орналастырылған e-learning онлайн-порталында оқи алады.

Жалпы, бүгінде барлық ірі компаниялар қызметкерлердің жан-жақты дамуына мүдделі. Әзірленіп жатқан оқыту бағдарламалары әлеуетті ашуға және мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осының арқасында геологтардың жоғары кәсіби және бәсекеге қабілетті маман болып өсуіне үлкен мүмкіндіктері бар.

Валерия Степчук

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button