Жаңалық Редакция таңдауы

Алакөл – суы – ем, айдыны – асыл көл

Алакөл - Балқаш-Алакөл қазаншұңқырының шығысында, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстар шекарасының қиылысында және Балқаш-Алакөл жазығында орналасқан ағынсыз тұзды көл.

ХІІ және ХІХ ғасырлар арасында оның бірнеше атауы болған: Түрге – Нұр (моңғол тілінен аударғанда «көпір-көл»), Алақтакөл, Алатеңіз, Алақта. Көлге 15 өзен құяды, олардың ішінде негізгілері – Үржар, Қатынсу, Емелқұйса, Ырғайты, Жаманаткөл, Тасты. Алакөл – өте келбетті, табиғи рельефі сұлу қазаншұқырға жатады. Оған батыс жағалауындағы Тоқта тауы, шығысындағы Барлық жотасы, түстік шығысындағы Жоңғар Алатауы, сол жағындағы мұнартқан Тарбағатай жотасы, сондай-ақ, жергілікті жұрт «Арал төбе» атайтын ортасындағы аралдар айрықша әр береді.

Алакөл — Жетісудың Балқаштан кейінгі үлкен көлі. Ол Алакөл ауданының солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Көл ағынсыз, солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 247,3 м абсолют биіктікте орналасқан. Көлдің аралдарымен қоса есептегендегі аумағы 2696 км2, ұзындығы 104 км, ең шығыңқы ені 52 км, жағалауларының ұзындығы 384 км, орташа тереңдігі 22,1 м, ең терең жері 54 м, көлдің су көлемі 58-60 км3. Су жиналатын алабы 47859 км2. Алакөлдің ең ірі шығанағы — Алакөл шығанағы. Ол көлдің оңтүстік-шығысындағы тау аралық ойыста орналасқан.

Алакөл жағалауы, негізінен төрттік дәуірдің түрлі тау жыныстарынан (саз балшық, құмды топырақ, қиыршық тас, ұсақ құм) тұрады. Көл суының қатуы әрқалай. Тайыз бөлігі қараша айының аяғында, орта тұсы ақпанның басында тегіс қатады. Мұзқұрсау 2 айға дейін созылады. Алакөл суында фтор мен бром көп. Көл жағасында қамыс, қияқ, қоға, шалаң, су қарақұмығы, жебежапыақ, мүйізжапырақ, тағы басқа өседі.

Көлден ауланатын балықтар: сазан; көксерке; алабұға; шармай.

Көл маңы құсқа (жылқышы, аққу, шағала, көкқұтан, тағы басқа) бай. Сондай-ақ бұл көлді әлемде сирек кездесетін, “Қызыл кітапқа” енгізілген реликті шағала мекендейді. Аңдардан: ондатра, қамыс мысығы, жабайы шошқа, қамыс түлкісі, су тышқандары бар.

Жалпы, Алакөл – емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген. Бір замандарда Жібек жолының керуендері де көл жағасын басып өткендіктен, оның суы мен ауасы ұзақ жолдан науқас меңдеген адамдардың денсаулығын құр аттай қылып, емдеп жіберетіндігі ерте кезден байқалған. Кеңес кезінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істеді. Онда тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы көлде демалу арқылы арылатын.

Дереккөз: e-history.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button