ЖаңалықРедакция таңдауы

Жер кіндігі – Үңгіртас

Ұзынағаш аулынан батысқа қарай 34 шақырымдай жерде, Қастек өзенінің жағалауында орналасқан бұл аймақ  «жер кіндігі» деген атауымен халық арасында белгілі. Қасиетті, шипалы жер саналатын  Үңгіртас  түрлі ауру-сырқауды емдеуге, тілектердің орындалуына әсер етеді-міс.

Аңыз бойынша, бұл шатқалда әйгілі мұсылман ғұламасы, Исламдағы сопылық бағыттың негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауи өзінің қалған ғұмырын өткізген. Ғұмырының аяқталатынын сезген ол 63 жасында тыныш, оңаша орын іздей бастайды. Бұл талаптарына Үңгіртас дәл келіп, Ахмет Яссауи қалған өмірін жер асты кельясында өткізеді. Жертөленің жанына ғұламаның уағыздары мен ақылын тыңдаушы туысқандары және көптеген шәкірттері келіп отырған екен.

Кеңес Одағы бойынша биоэнергетиканың негізін салушы Вячеслав Михаилович осы өңірде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Арнайы құрылғылар арқылы тексеру барысында осы аймақтан жоғары энергетикалық қуат көзі анықталған. Өзге ғалымдар тобы бұл маңда жер астындағы анықталмаған металдың магниттік өрісі бар болуы мүмкін деген болжамын ұсынады. Қалай болғанда да, мәскеулік ғалымның биоэнергетикалық зерттеуінен кейін Үңгіртасқа келушілердің саны ұлғайған.

Сондай-ақ Үңгіртасты «ақыл тауы» деп атайды. Бұл орынға көтерілу орнында тауға шықпас бұрын келушілерді дәрет алып, дұға қылуға шақыратын тас тұр. Жанындағы таста пайғамбарлар қолының таңбасы қалған дейді. Тауда түрлі сырқат пен дерттерді емдей алатын энергетикасы бар тастар мен үңгірлер көп. Мысалы, «Айдаһар қанаты» үңгірі. Таудың батыс бөлігінде тура өтетін саңылау бар, ол арқылы көзге көрінбейтін жұқа қабыршық өтеді. Сол үңгір арқылы өту тазару үшін өте пайдалы боп саналады. Халықтың сенімі бойынша тауда жан сырқаттарын сауықтыратын үңгірлер, шығармашылық адамдарға арналған үңгір бар. Осында келетін адамдардың айтуынша Үңгіртастың әрбір үңгірі өзіндік энергетикасы мен тек өзіне тән емдік қасиеті бар бірегей орын.

Басқа материалдар

Back to top button