ЖаңалықРедакция таңдауы

Қазақтың бас ақынына Нью-Делиде бюст қойылды

Үндістан астанасында Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орайластырылған қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған бюсттің ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Ашылу салтанатын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Үндістанның Мемлекеттік Сыртқы істер және мәдениет министрі Минакши Лехи өткізді. Іс-шараға сондай-ақ екі елдің министрліктері мен ведомстволарының, бұқаралық ақпарат құралдары мен іскер топтардың өкілдері, сондай-ақ мәдениет қайраткерлері мен Үндістан астанасының тұрғындары қатысты.

Қазақстан-Үндістан үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысының тең төрағасы ретінде Үндістанға барған Б.Сұлтанов өз сөзінде «Абай – ұлы ақын ғана емес, сонымен қатар кемеңгер ойшыл, көрнекті ағартушы. Сондықтан да Абай бюстінің Махатма Гандидің туған жерінде орнатылуының символдық мәні терең. Бұл қадамдардың барлығы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін».

М. Лекхи өз тарапынан барша жиналған қауымды салтанатты шарамен құттықтап, бұл шара Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени байланысты тереңдетудегі тағы бір маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, шара аясында қонақтар назарына Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің қайта басып шығарған, Үндістандағы Мәдени байланыстар кеңесімен (ICCR) 2020 жылы хинди тіліне аударылған Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» шығармасы ұсынылды.

Анықтама: Абайдың бюсті Абай көшесінің (Абай марғы) жанында орналасқан Сан-Мартин саябағының аумағында орнатылған. Үндістанның орталық мемлекеттік органдарының әкімшілік ғимараттары және Үндістанда аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер де жақын жерде орналасқан.

Басқа материалдар

Back to top button