Жаңалық Редакция таңдауы

Жидебай- қазақ өнерінің алтын ордасы

6400га жер аумағында орналасқан Жидебай қорығы 16 тарихи ескерткішті қамтиды. Солардың ең негізгісі Абай-Шәкәрім кесенелері. Сарыарқа төсіменен жүзіп келе жатқан кеме секілді пішіндегі бұл мемориалдық кешен қазақтың бас ақынының 150 жылдық мерейтойына арнайы салынып, пайдалануға берілген.

Жобаның бас архитекторы – Бек Ибраев. Кесененің ұзындығы – 200 м, ені – 65 м. Кесенелердің дәл ортасында ежелгі грек амфитеатр үлгісінде жасалған сахна бар.

Абай мен інісі Оспан жерленген кесене биіктігі-32,5м, диаметрі-12м. Бұл кесененің төбесі шаңырақ үлгісінде жасалып, бел ортасына Жаратушы Алланың 99 есімі жазылған. Келесі кесенеде Шәкәрім өзінің ұлы Ахатпен бірге жерленген. Бұл кесененің биіктігі Абай кесенесінен 1 метрге аласа. Кесененің ішкі күмбезінде тамшылар суреті бейнеленген, оның мағынасы зұлмат жылдары қыршыннан қиылған қазақ зиялыларының көз жасы.

Көненің көзіндей болған келесі орын – Абайдың өзі салғызған және тұрған үйі. Көшірме де емес, жаңғыртпа да емес ақынның жүрген ізі қалған, ұстаған затынды қолының таңбасы қалған нақ өз үйі. Шыңғыстау жерінде тұңғыш қала мәдениеті үлгісінде салынған осы үй 1895 жылы тұрғызылған. Үйде екі дәліз, алты бөлме бар. Кіреберіс дәліз қыстаудың тарихымен, ақын өмір сүрген заманның тыныс-тіршілігімен таныс етеді. Қазіргі уақытта хакімнің музейінде қолының табы қалған, көзі тірісінде тұтынған Абай әулетінің заттары сол заман тынысынан сыр шертетін көнекөз жәдігерлер, баға жетпес асыл мұраға айналды. Қазан төңкерісі одан бергі аласапыран кездерге дейін үлкен үй, қара шаңырақ саналып құрметтелген. Бұл күнде әлем халықтары назар салып, көз тігер Еуразия кіндігі ұлы ақын, ойшыл есімімен дүниежүзіне белгілі қастерлі мекен.

Сағынға оранған сайын дала төсінде алыстан ағарандаған қос желкен көз арбайды. Бейне бір поэзия мұқитының қиырларына ынтызар жолаушысын күткен алып кемедей қалықтайды. Жидебай- ұлы поэзияның рихани ошағы, һәм қазақ өнерінің алтын ордасы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button