ЖаңалықРедакция таңдауы

Жұп санды гүл сыйлауға болатынын білесіз бе?

Кез келген мейрам немесе мерекеге гүлмен келу керек екендігі түсінікті. Ал флористика заңдарын білетін адам гүл арқылы өз ойын білдіре де алады. Бүгін біз «Әдеп ережелері» айдарында гүлді таңдау және оны сыйлау ережелері жайында бөлісетін боламыз.

Кейбір мәліметтерге сенсек, гүл сыйлау этикеті шығыс елдерінде пайда болды. Кейін осында келген саяхатшылар бұл дәстүрді батысқа жеткізді. ХҮІІІ ғасырда Еуропада гүл сөздіктері шығарыла бастады. Бұл жинақтарда  түрлі өсімдіктердің мән-мағынасы жайында ақпараттар жинастырылған. Бұлардың көбі бүгінгі күні де өзекті. Алайда әр елдің ережелері әртүрлі, гүл сыйлайтын жағдайлар арасында да айырмашылық бар.

Американың мәдениетінде 12 гүл сыйлау дәстүрі бар, ал Еуропа елдерінде қабылданған ереже бойынша гүл шоғы тақ санға тең болуы керек. Азияда 4 гүл шоғын сыйлауға болмайды, себебі бұл сан жамандықпен байланыстырылады. Қытайда ақ гүл сыйлауға рұқсат етілмейді.

Таңдау жасағанда гүл сыйлайтын адамыңыздың жасын, талғамын ескерген жөн. Екеуіңіздің араңыздағы қарым-қатынас пен гүл сыйлау себебі де маңызды. Мәселен, балаларға ашық түсті, көлемі кішкентай гүл берген дұрыс. Ал, жас қыздарға ашық түсті қауызы ашылмаған гүл сыйласаңыз қателеспейсіз. Жас келіншектерге түсі ашық, жұқа, селдір композицияларды сыйлаңыз. Жасы үлкен әйелдерге ақ гүл сыйлаған жөн. Гүл шоғын әзірлеу үшін түсі қанық гүлдерді таңдаңыз.

Сіз қоныс тойға барғанда құмырадағы гүлді апарсаңыз қателеспейсіз. Тек, алдын ала үй иелерінен қай гүлді ұнататынын біліп алғаныңыз артық болмайды. Мұндай жағдайда көбіне мән мағынасы бар гүлді сыйға тарту әдебі қабылданған.

Гүл шоғын сыйлағанда келесі ережелерді есте сақтаңыз:  әйел адам  тойға, туған күнге ер адаммен бара жатса, онда ер адам гүлді өзі сыйлауы керек. Бірақ, көше бойымен келе жатқанда гүл әйел адамның қолында болуы тиіс. Тиісті орынға жақындағанда ғана ер адамның қолына берген дұрыс. Амандасқан кезде гүлді сол қолмен ұстауға тырысыңыз, себебі оң қол амандасу үшін бос болуы тиіс. Амандасып болғаннан кейін оң қолыңызға ауыстырып, иесіне бергеніңіз жөн.

Біздің және көрші елдердің әдебіне сай гүлдің саны тақ болуы тиіс. Бірақ бұл заңдылықтың күші тек 12 гүлге дейін сыйласаңыз бар. Егер гүл шоқтары одан көп болса онда оның тақ не жұп болуында айырмашылық жоқ. 10-ға дейінгі жұп санды гүл тек қаралы күндері ғана беріледі.

Гүлді қабылдау да өнер. Амандасып болғаннан кейін гүлді ашып суға салуды ұмытпаңыз. Сыйланған гүл шоғы мереке өтіп жатқан бөлмеде тұруы тиіс.

Гүл сыйлау арқылы әр адам өзінің ойын немесе сезімін білдіре алады. Себебіне байланысты таңдалған гүл сіздің құрметіңіздің белгісі.

Басқа материалдар

Back to top button