Жаңалық Редакция таңдауы

Референдум қорытындысы: эксперттер пікірі

Бүгін, 9 маусым күні Қазақстандық қоғамдық даму институты алаңында «Референдум қорытындысы: эксперттер пікірі» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті. Шараны Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Жиынға саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Спикерлер елімізде өткен Республикалық референдум қорытындысы бойынша сөз қозғап, жаңартылған Конституцияны іске асырудың маңыздылығын талқылады.

Іс-шара Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының кеңесшісі Самат Нұртазаның модераторлығымен өтті. Ол өз сөзінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.

«Азаматтар Мемлекет басшысының бастамасын қолдады. Республикалық референдумның қорытындылары Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысында белгіленді. Халықаралық байқаушылар дауыс берудің жоғары деңгейде өткендігін, сондай-ақ конституциялық реформа қоғамда қызу талқыға түскендігін атап өтті. Референдум тарихи оқиғаға айналды. Сайлау құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы дауыс берді. Қатысу 68,05 пайызды құрады. Енді халық ел дамуының бұдан әрі даму бағытына қызығушылық танытуда», – деді Самат Нұртаза.

Референдумнан кейін мемлекет алдында қандай міндеттер тұрғандығы туралы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Рымкүл Исмаилова баяндады.

«Үкіметті де, әрбір азаматты да үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ел дамуына әрқайсымыз белгілі бір үлес қосуымыз керек. Өзімізден, өз іс-әрекетімізден, функционалдық міндеттерімізден бастауымыз керек. Біздің ұлттық байлығымыз бизнестің қалай жұмыс істейтініне және кәсіпкерліктің қалай дамитындығына байланысты. Мемлекеттің рөлі бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Мемлекеттік қызметтердің сапасы мемлекеттік органдардың қалай жұмыс істейтініне және олардың халықтың үніне қаншалықты құлақ асатындығына байланысты. Жақын арада күш-жігерімізді экономикаға қарай бағыттау керек».

Саясаттанушы Аман Мамбеталиев өз сөзінде дауыс беру құқығын іске асыру процесі қалай өткендігі туралы айтып берді:

«Дауыс беру барысында бюллетеньдерді бұрмалау және бүлдіру фактілері, ескертулер болған жоқ. Кемшіліктерге елде ЖСН бойынша электрондық дауыс беру енгізілмегендігін жатқызуға болады. Әлеуметтік желілерде көптеген адамдар, дауыс бергілері келіп, бірақ басқа қалада болғандықтан мәселелер туындағанын жазды. Өз учаскеңізге алдын ала келіп, есептен шығару куәлігін алып, жаңасына тіркелу қажет болды. Көптеген азаматтар үшін бұл ыңғайсыздық тудырды».

«Елбасы Академиясы» жобалық кеңсесінің басшысы Болат Бұхарбай референдумда халықтың белсенділік көрсеткендігін айтты.

«Референдумның алдын ала қорытындысы бойынша 1 млн-нан аса адам «жоқ» деп дауыс берді, яғни қарсы болды. Бұл көрсеткіш болмағанда, барлығы келісемін деп жауап бергенде референдумның әділ өткендігіне күмәндануға болатын еді. Біздің жағдайда референдум азаматтық қоғамға деген, демократизациялауға деген бір үлкен қадам».

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button