ЖаңалықРедакция таңдауы

Қазақстан ДСҰ мүшелерін әлемдік азық-түлік дағдарысын тезірек шешуге шақырды

Сауда және интеграция министрлігі әлемдік жеткізілім тізбегінің бұзылуы, климаттың өзгеруі, дамушы елдердегі халықтың өсуі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін бұрынғыдан да өзекті еткендігін айтты.

«Әлемнің барлық елдері азық-түлік бағасының қарқынды өсуіне тап болды, саудадағы шектеулер азық-түлік тапшылығы бар аймақтар үшін жағдайдың одан әрі шиеленісуіне әкеледі. Бұл тақырып осы күндері Женевада өтіп жатқан Қазақстан төрағасы болып табылатын ДСҰ-ның 12-ші Министрлік конференциясында назардан тыс қалған жоқ», – деп жазды ведомство.

Қазақстан делегациясының басшысы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне арналған сессияда сауда және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі министрлік декларациясының жобасын және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасын сатып алуға қатысты экспорттық шектеулерді қолданбау туралы министрлік шешімін қабылдаудың маңыздылығын атап өткен. Бұл шешім, тіпті мұндай өнімді жекелеген елдерден тыс жерлерге әкетуге толық тыйым салынған жағдайда да, апатқа ұшыраған өңірлерге азық-түлік жеткізудің гуманитарлық бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «ДСҰ-ның барлық елдерін Қазақстанның үлгісімен жүруге және осы конференциядан әлемдік азық-түлік дағдарысын шешуге мүмкіндік беретін нақты нәтижелермен өз елдеріне оралуға шақырамын», – деді өз сөзінде.

 

Басқа материалдар

Back to top button