ЖаңалықРедакция таңдауы

Шашбауың орынсыз сылдырламасын…

Қазақ қыздарының басына үкілі сәукеле киіп, құлағына сырға, саусағына сақина, білегіне білезік тағып, беліне белдік буынып, шашына шашбау тағуы олардың парасатының биіктігі және эстетикалық талғамының жоғары екенін көрсетеді.

Қазақ дәстүрі бойынша қыз-келіншектердің әшекейсіз жүруі әдепсіздік саналған. Өйткені тек қана қаралы күндері әйелдер әшекей тақпаған. Сондықтан қазақ қыздары бала жастан бастап өмірінің соңына дейін әшекей бұйымдарды тағып жүрген. «Әшекейсіз әйел, жапырақсыз ағашпен тең» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек.

Халық арасында қашанда «әйел көркі шаш, шаштың көркі шолпы» деп айтылады. «Сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосар» деген халық мақалы осының дәлелі болса керек. Қызға қырық үйден тыю деп қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған ата-бабаларымыз қыздары таққан әшекейге және оның мән-мағынасына да ерекше назар аударған. Ерте кезде қыздар 13 жастан бастап шашбау таққан. «Шашбауың орынсыз сылдырламасын» деп айтып отырған, себебі қыздың салмақтылығы, көрегенділігі, қыздың орнықтылығы, анасының тәрбие бергендігі осының  барлығы қыздың жүріс-тұрысынан, киім киісінен білінеді.

Ата-бабаларымыз адамның шашын жерге тастамаған. Әйел шашының ұшында тіршіліктің күш-қуаты бар деп қыз балалардың шашын қимай, бұрым етіп өсіріп оның ұшына шолпы-шашбау тағып отырған. Шолпыны әу бастан қыз-келіншектер қара ниетті, зұлым күштерден қорғану үшін таққан. Және де шолпы-шашбау тағу арқылы тамаша жүріс-тұрысқа және бойын тік ұстауға әдеттенген. Сонымен қатар, шолпы мен шашбау шаштың тез әрі қалың өсуіңе әсер етіп қана қоймай, қыз баланың денсаулығына да пайдалы.

Шолпы-шашбау құрамындағы металл бөлшектері найзаның ұшы, конус, қоңырау пішінді және күмбез шар пішінді болғандықтан олардың барлығы өсіп-өнудің, ұрпақ жалғастырудың, бақыттың, байлықтың символы деп есептеген.

Шолпы мен шашбаудың айырмашылығына тоқталатын болсақ, шолпыны қақталған күмістен үшбұрыш етіп тұмарша жасап, етегіне салпыншақ тиындарды орнатады. Шолпыны шаштың ұшына тағады. Ал, шашбау бұрымның түбіне ілініп, баулар арқылы шашпен бірге өріледі.

 

Басқа материалдар

Back to top button