Жаңалық Редакция таңдауы

Қасым-Жомарт Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынға қатысты

Мемлекет басшысы «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» атты Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлады Ақорда.

Пленарлық сессияда Қазақстан Президентінен бөлек Ресей Президенті Владимир Путин және бейнебайланыс режимінде Египет Президенті Абдель Фаттах Ас-Сиси сөз сөйледі. Сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде форумға шақырғаны және дәстүрлі түрде жылы қабылдағаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Петербург форумының ширек ғасыр ішінде беделді сараптама платформасы мәртебесіне ие болғанын және әлемдік талқылау алаңдарының арасында лайықты орын алғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, форум саяси және экономикалық ахуал шиеленісіп тұрған кезде өтіп жатыр.

– Пандемияға және геосаяси шиеленістің өршуіне байланысты жаһандық теке-тірестер жаңа жағдайларға алып келді. Жаһанданудың орнына артық-кемі бар аймақтандыру дәуірі келді. Қалай болғанда да, дәстүрлі экономикалық модельдер мен сауда бағыттарының өзгеру үдерісі жеделдей түсті. Әлем жылдам өзгеруде. Өкінішке қарай, көп жағдайда жақсы жағына қарай емес, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару ісін жаңғырту және Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы айтты.

– Бар күш-жігеріміз экономиканың өсімі азаматтардың әл-ауқатын арттыруға пропорционалды түрде ықпал етуге бағытталған. Біз сауда-экономикалық байланысты дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, адами капиталдың өсімі мен инновацияларды енгізу үшін жағдай жасауға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы елдердің орнықты дамуы үшін ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейту, экономикамыздың өсіміне жол ашу қажет деп санайды. Осы ретте Президент аса маңызды міндетті, яғни халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті естен шығармау керек екенін айтты.

Осыған орай Қазақстан Президенті жиынға қатысушылардың назарын бірқатар маңызды мәселеге аударды. Соның ішінде, Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін арттыруды өзекті міндет ретінде атады.

– Одаққа мүше барлық елдің экономикасының жиынтық көлемі қазір 2 триллион доллардан асады. Бұл – еркін тауар айналымы, капиталы және жұмыс күші бар өте үлкен нарық. Пандемия мен дағдарыс жағдайына қарамастан, Одақ аясындағы ынтымақтастық дәйекті түрде нығайып келеді. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі Еуразиялық экономикалық одақ құрылған уақыттан бергі ең жоғары деңгейге жетіп, 73 миллиард доллар болды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен үштен бір есе көп, – деді Президент.

Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән берді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін толық жүзеге асыру аса өзекті болып отыр. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сілтеме жасай отырып, Ресей мен Қазақстан әлемнің осы саладағы жетекші елдері екеніне тоқталды.

– Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі жағдайының нашарлауына байланысты аталған мәселе күрделене түсті. Ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты факторы және міндеті – тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету. Сенімді азық-түлік жүйесін құру үшін инновациялық шешімдер мен озық технологияларды енгізу және азық-түлікті ысырап етуді тоқтату маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін ұлттық деңгейде де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да саралау керек. Осы ретте Одаққа мүше елдердің мүдделері ескерілуге тиіс. Келісіп жұмыс істемесе, бұл аса маңызды саладағы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қиындай түседі. Яғни, шектен тыс инфляцияға, азық-түлік тапшылығына қарсы күрес – баршамызға ортақ міндет, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесін тағы бір маңызды міндет ретінде атады.

– Қазақстан интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы бола отырып, басқа да халықаралық ұйымдармен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықты тұрақты қолдап келеді. Петербург форумының аясында Үлкен Еуразиялық серіктестікті қалыптастыру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл тұжырымдама өңірлік ұйымдардың тең құқықты ынтымақтастығының ортақ кеңістігін құруға бағытталмақ. Сондықтан Қазақстан Үлкен Еуразиялық серіктестік құру үдерісін құптайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бейбіт, тұрақты және экономикалық тұрғыдан қуатты Еуразия құру жаһандық ауқымдағы орнықты дамудың және инклюзивті өсімнің қуатты факторына айналатынына сенім білдірді.

– Халықаралық жағдайды қалыпқа келтіруге және әлемдік экономиканың өсімін дұрыс жолға салуға бағытталған табысты идеяларды іздеу үшін жоғары деңгейдегі сарапшыларды біріктіретін мұндай беделді пікірталас алаңының әлеуеті зор, – деді Қазақстан Президенті.

Негізгі спикерлердің баяндамасынан кейін жиын сұрақ-жауап форматында жалғасты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button