Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстан Парламентінің депутаттары 2021 жылғы бюджет есебін қабылдады

Депутаттар Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің 2021 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебін қабылдады.

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылап, бекітті.

«Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері атқарылды. Түсімдер 100,8%-ға орындалып, 12,7 трлн теңге болды. Шығыстар 99,2%-ға игерілді және 15,2 трлн теңгені құрады. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 3,1%-ды құрады. Жалпы алғанда, мемлекет өзінің әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін толық көлемде орындады», – деді Премьер-Министрдің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

2021 жылы Жалпы ішкі өнімнің өсімі 4 пайызды құрады. Экономиканың барлық негізгі салаларында оң нәтиже болды. Мәселен, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,8 %, құрылыс саласы 7,6 пайызға, көлік 3,6 %, сауда 9,2 % өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5 % ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталды.

Мұнымен қоса, Үкімет басшысының орынбасары қазіргі кезде мемлекет қарызы қауіпсіз деңгейде екенін айтты.

Өз кезегінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Ұлттық жобалар аясында салынатын нысандардың әр шаршы метріне шығын лимитін бекітуді ұсынды.

«2021 жылы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өзгеруімен есте қалды – мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көштік. Былтырғы күзден бастап Үкімет 10 ұлттық жобаны іске асыруға кірісті. Оның бәрінде бюджеттік қаржыландыруға басымдық берілген болатын. Өкінішке қарай, ол жоспар орындалмады. Жобалардың 43 пайызы жеткілікті қаржыландырылған жоқ. Ал ең негізгі мәселелерді тиімді шешу үшін толық көлемде қаржыландыру қажет. Сондықтан Ұлттық жобаларды түзетіп, қаржылық мүмкіндіктерге сәйкестендіру керек. Білуімізше, Үкімет бұл жұмысты бастап та кетті», – деді Н. Годунова.

Сонымен қатар Есеп комитетінің төрағасы бюджетті жоспарлаудың біржылдық жүйесіне қайта көшуді ұсынды.

Есеп құжаттарын талқылау барысында депутаттар бюджеттердің кіріс базасын одан әрі жетілдіру, мемлекет активтерін басқару тетіктері, қаржы мониторингі жүйесінің пәрменділігі, салық және кеден әкімшілендірулерінің тиімділігін жетілдіру мәселелерін көтерді. Жалпы алғанда, депутаттық корпус бюджетке қатысты анықталған кемшіліктірді атап, оны алдағы уақытта ескеруді ұсынды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button