Жаңалық Редакция таңдауы

Неліктен «Түлкібас» деп аталған?

Түлкібас ауданы неліктен осылай аталған? Түлкібас атауы түлкі және бас сөздерінен құралған қос сөз. Алайда оның түлкіге де, басқаға да ешбір қатысы жоқ. Бүгін «Ұлы дала аңыздары» айдары Түлкібас атауының шығуы жайлы болмақ.

Ел  арасында бұл жөнінде мынадай аңыз бар.

Ол кездері бұл жер Майлыкент деп аталатын. Майлыкентте Түлкібас есімді әулие тұрған екен. Алайда бұл кісінің әулие екендігіне кейбіреулер сенбейтін. Тіпті оны әзілдеп, мазаққа айналдыратындар да көп болыпты.  Түлкібастың ерекше қабілетіне  сенбей, емдік қасиеттерін мойындамағандар да жетерлік. Түлкібас мұның ешқайсысын елемей, өз шаруасымен ғана айналысып, науқастарды емдеп, түрлі қиындықтарға тап болғандарды құтқарып, кедей-кепшіктерге көмегін аямайтын.

Бірде Түлкібас атын суару үшін Қосемшек шоқысына келеді. Шоқыға жиылған бір топ қауым Түлкібасты мазақ етіп, күлкіге айналдырады. Олардың мазағына шыдай алмаған Түлкібас әулие түкіріп қалғанда, он екісі бірдей жермен-жексен болады. Олардың орнында он екі шипалы бұлақ пайда болыпты. Әулиелігіне көзі жеткен адамдар оны құрмет тұтып, бас ие бастайды. Түлкібас өмірінің соңына дейін науқастарды емдеп, емшілік жолға түседі. Өмірінің соңында: «Мені Қосемшек тауының басына апарып көміңдер. Моламның үстіне үш дәу тас қойыңдар. Тастардың біреуін оңға, екіншісін солға қаратыңдар. Ал үшіншісін аспанға қаратып қойыңдар» деп аманаттайды.

Күндердің күнінде Түлкібас тұрған ауылға жау шабады. Бірақ  жаулардың   аттары Қосемшек тауына жақындаса болды, ары қарай өте алмайды екен. Қанша ұрып соқса да, ілгері басқан аяқтары кері кетіп, бір адым алға жылжымапты. Аттарын ілгері жүргізе алмай, амалы таусылған жаудың кері қайтуына тура келеді.

Мұны байқаған халық таң-тамаша күй кешеді. Көп ұзамай, Түлкібас моласының басындағы оңға қаратылып қойылған тас жоғалып кетеді. Ал жергілікті тұрғындар болса, оны тылсым күштің құдіреті деп қабылдайды. Арада жылдар өтеді. Елде құрғақшылық басталады.  Бір тамшы жаңбыр жаумай, айналаның бәрі құрғап, аштық болады. Сол кезде халық  Қосемшек шоқысына жиналып, Түлкібас әулиенің басына барып: «О, Түлкібас әулие, бізді құрғақшылық пен аштықтан құтқара гөр! Егер бізді басымызға түскен бәледен құтқарсаң, өмір бойы саған құлшылық етіп, осы жерді сенің есіміңмен атаймыз» – деп жалбарынған екен.

Айтулары мұң екен, Түлкібас әулиенің моласында аспанға қарап жатқан тас домалап түсіп, бірнеше адамды жарақаттайды. Сол сәтте күн күркіреп, жаңбыр құйып береді. Міне, сол кезден бері бұл өңір «Түлкібас» деп аталып келеді.

Дереккөз: «Қазақ жерінің 100 аңызы» Жанайдаров Орынбай Куленович.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button