Жаңалық Редакция таңдауы

Қызыл кітап: Қарақұйрық және қалқан асаймұса

«Қазақстанның Қызыл кітабы» айдарының бүгінгі санында жануарлар санатынан қарақұйрыққа, өсімдіктер санатынан қалқан асаймұсаға тоқталамыз.

Қарақұйрық (лат. Gazella subgutturosa) – сүтқоректілер класының қуысмүйізділер тұқымдасына жататын аң. Қазақстанда Үстірт пен Маңғыстауда, Арал өңірінде, Қызылқұм, Мойынқұм, Бетпақдаланың оңтүстігінде, Оңтүстік Балқаш өңірінде (Тауқұм, Сарыесікатырау) кездеседі. Тұлғасы сымбатты, дене тұрқы 101 – 126, шоқтығының биіктігі 67 – 79 см. Текесінің салмағы 22 – 41кг, ешкісінікі – 20 – 34 кг.

Қорегі – 70-тен аса шөптесін өсімдіктер мен бұталар. Ылғалы мол жас шөптермен қоректеніп, қар мен жаңбырдан жиналған қақтардан су ішіп, шөлін қандырса, қыста қар жалайды. Қазанның аяғынан желтоқсанның ортасына дейін күйлейді. 5 – 5,5 ай буаз болып, сәуірдің аяғынан маусымның аяғына дейін (жаппай төлдеу мамырдың екінші жартысында) лақтайды.

Текелерінің мүйізі түп жағы бедерлі, ұшы бір-біріне қарай аздап иілген, қара-қоңыр түсті. Ұзындығы 33 – 43 см болады, ешкілері – тоқал. Құйрығы кішкентай, қара-қоңыр түсті. Тұяқтары кішкентай, қара түсті, сопақша әрі үшкір келеді. Тері жамылғысы құм тектес, сарғыш-сұр. Көз алды, шат, тұяқ аралық иіс бездері, көру және есту мүшелері жақсы жетілген, осылар арқылы бір-бірімен тез табысады. Тастақты, құмды, сазды топырақты шөлді аймақтарда мекендеуге бейімделген. Қоныстарын жыл маусымдарына қарай, қыста сексеуіл, жыңғыл өскен бұйрат-бұйрат құмдарға, жазда шөлді жерлерге қарай қоныс ауыстырып отырады. Тау етектерінде, теңіз деңгейінен 2500 – 3000 м биіктікте де кездеседі (мыс., «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында).

Қарқұйрықтың жаулары – қасқыр, түлкі, қарақал және бұралқы иттер, құстардан: бүркіт, қарақұс. Аусыл және туляремия ауруларымен ауырады. Дәмді еті мен терісі үшін көп ауланған. Терісінен сырт киім, жазғы аяқ киім, мәсі тігіледі, саба және қауға жасаған. Қазір саны аз, «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында, Үстірт қорығы мен Ақтау – Бозащы қорықшасында қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген (1996).

Қалқан асаймұса – Қазақстанда сирек кездесетін түр, өзінің таралу аймағының солтүстік шекарасында өседі. Қырғыз Алатауының тек батыс бөлігінде – Мерке және Қайыңды тау сайларының баурайларында кездеседі. Популяциясы аз, олардың көлемі 50 гектардан аспайды. Қазақстаннан тыс Тянь-Шаньның басқа аймақтарында, көбіне батыс бөлігінде таралған. Сәндік бұта (биіктігі 3 метрге дейін), жапырақ пішіндері әртүрлі және көптеген ақшыл қызғылт түтік гүлдері қалқанша тәрізді гүл шоғырына жиналған. Бұтақтары өте ерекше – ұзына бойы алты бөлікті ойлы-қырлы қабықты. Өте берік ағаш, ұсақ әшекейлер мен асатаяқтар жасайды. Осыдан барып оның түрікше аты – “асай-мүсей” немесе Моисей асатаяғы шыққан. Табиғатта өрттен зардап шегеді және барлық жерде қорғауды қажет етеді. Мәдени түрде жақсы өседі. Тұқымы арқылы өседі, көшеттері үшінші-төртінші жылдары гүлдейді. Мәдени түрде өсіруді кеңейтіп, көгалдандыру жұмысында пайдалану керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button