Жаңалық Редакция таңдауы

Әлемнің 34 университетінен шақырту алған - Мирас Сейілхан

Шымкенттегі «Білім-Инновация лицейінің» түлегі Мирас Сейілхан әлемнің 34 университетінен шақырту алған. Айта кетейік, «Білімді ұрпақ» айдарында еліміздегі және әлемдегі түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары мен талантты оқушыларды таныстыратын боламыз.

Мирас Сейілхан – өзі оқитын мектептің президенті, Z ұрпағына арналған BIL PRESS редакциясының негізін қалаушы, оған қоса BIL VOLUNTEERS еріктілер клубын ашқан.

Ол шетел оқу орындарына түсуге дайындықты 9-сынып соңында бастаған. Бұл үшін IELTS, Duolingo сияқты тесттерді тапсырып, жоғары көрсеткішке ие болды. Мысалы, Duolingo-дан 135, IELTS-тан 8.0 жинады. Сондай-ақ, 650 сөзден тұратын мотивациялық эссе жазған.

Мирас шақыру алған оқу орындарының 12-сі АҚШ-та, бесеуі Ұлыбританияда, бесеуі Канадада, біреуі Испанияда, төртеуі Аустралияда және тағы басқалары.

Мирас Сейілхан – түрлі әлеуметтік жобаларға бастамашы болып, волонтерлік клуб құрған және өзі оқыған мектептің Президенті болды. Оқуын тәмамдаған соң елге оралып, алған білімін елді көркейтуге жұмсағысы келеді. Дарынды оқушының ендігі арманы – Қазақстанды жаңа деңгейге көтеру.

Сонымен қатар, Мирас журналистерге берген бір сұхбатында: «Ең бастысы, оқу орнының әлемде алар орны. Рейтинг. Бұл туралы ақпаратты QS әлемдік рейтингінен қарайтын едім. Сонымен қатар, оқу орнының орналасқан орны мен үшін маңызды болды. Мен таңдаған біршама оқу орны Нью-Йорк қаласында орналасқан. Не үшін деп ойлайсыз? Барлығымыз білетіндей, Нью-Йорк – әлемдік қаржы орталығы. Сондай-ақ, ең алғаш қор нарығы, яғни Уолл-стрит Нью-Йоркте орналасқандықтан осы қаланы таңдадым. Таңдауыма тағы бір себеп – менің мамандығым экономика және қаржы саласы болды»,- деп өзінің шақыртудан кейін қай қаланы және қай мамандықты таңдағанын айтқан болатын.

Нақтырақ айтсақ, Мирас шақырту жіберген 30-дан астам университеттің ішінен Нью-Йорк қаласында орналасқан «Ithaca college» оқу орнын таңдаған.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button