ЖаңалықРедакция таңдауы

Сенаторлар Арал теңізіндегі жағдайға қатысты ұсыныс жасады

Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров бастаған бір топ сенаторлар жолдаған депутаттық сауалда Арал өңірінің экологиялық мәселелері көтерілді. Сенаттың жалпы отырысында бұл мәселеге орай Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына сауал жолданды.

«Арал теңізі бассейнінде тұрақты тұратын адамдардың ағзасында өмірлік маңызы бар дене мүшелерінің функционалдық жай-күйінде өзгерістер анықталып, тіпті, патологиялық аурулардың дамуына дейінгі өзгеріске ұшырап жатыр. Осылайша, Аралдың құрғауы планетарлық ауқымдағы экологиялық қасірет болып отыр. Оны барлық елдердің, халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана тоқтатуға болады. Ең алдымен, осы экологиялық дағдарысты шешуге халықаралық қорлар мен ғылыми орталықтарды тарту қажет. Соңғы уақытта олардың аймақтағы белсенділігі айтарлықтай төмендеп отыр», – деді сенатор Ақылбек Күрішбаев депутаттық сауалды оқи отырып.

Сенаторлар мәселені шешу үшін келесі шешімдерді ұсынды: Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын жандандыру, Орталық Азия елдерімен су-энергетикалық консорциум құру және құрғап қалған теңіздің түбіне жасыл желектерді белсендірек отырғызу.

«Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі табиғи екпелерді қоса алғанда, орманның жалпы ауданы 337 мың гектарды құрады. Сонымен қатар, біздің өзбек әріптестеріміз шамамен 1,6 млн га алқапқа сексеуіл екпелерін отырғызды. Мұнымен қоса, олар жүйелі түрде ағаш дақылдарының шөлді жағдайларына бейімделген түрлерін кеңейтумен айналысуда. Осыған байланысты бізге ағаш отырғызу жұмыстарының қарқынын жеделдетіп қана қоймай, фитомелиоративтік технологияларды да жетілдіру керек», – деп атап өтті А. Күрішбаев.

Депутаттардың айтуынша, олар қазірдің өзінде өз өкілеттіктері аясында бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Сенаторлар таяуда ғана Солтүстік Арал суын ұстап тұрған Көкарал бөгетін жөндеу қажеттілігі туралы Үкіметке сауал жолдағанын еске салды. Парламентаралық дипломатияны одан әрі дамыту аясында олар дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын Арал проблемасына аудару мақсатында түрлі халықаралық платформаларда осы мәселелерді көтеруді көздеп отыр.

Басқа материалдар

Back to top button