Жаңалық Редакция таңдауы

Әр тастың ар жағында бір тағдыр, бір тарих...

Күні кеше ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығы Ақмола облысы Ерейментау ауданы әкімдігі қолдауымен «Бабадан қалған белгі» атты Ерейментау балбал тас ескеріткіштеріне экскурсия ұйымдастырды.

«Жатыр дала аяқталмай, басталмай,
Ұлылығы – Данте жазған дастандай» – деп қазақтың қайталанбас қаламгері Жұмекен Нәжімеденов жырға қосқан мекен осы – Ерейментау. Тауында тарих, даласында дастан қалған қазақ халқының сан ғасырлық қилы тарихының тілсіз куәсі. Ерейментау тарихын насихаттауда мақсат еткен бұл сапардың алғашқы аялдамасы түркілік ғұрыптағы «Қос батыр» кешені болды. Қазақстан Республикасының құрметті өлкетанушысы, тарихшы, этнограф Әдірешев Манап Бектасұлы тарихи оқиғаларға қатысты тың деректер келтіре отырып, әңгімелеп, балбал тастар тарихын айтып берді.

«Халық арасында «Қос батыр» атанған бұл балбал тастар Батыс Түрік қағанатынан қалған ескерткіштер. VI-VIII ғасырларда осы маңайларда Батыс Түрік қағанаты болған көрінеді. Сипатына қарай ғұрыптық ескерткіштер болып есептеледі. Деректерге сүйенсек ертеде сол елдің даңқты, ең мықты деген батырлары қайтыс болғаннан кейін осындай құлыптастар қойылған. Ескерткіштегі әскербасының келбеті, белдігіне асынған қаруы, оң қолымен көтеріп тұрған құмырасы, сол қолымен ұстаған қылыштың бейнесі анық сақталған. Бұл дегеніміз сол кезде түріктердің таспен ерекше жұмыс жасағанын білдіреді. «Қос батыр» ескерткіштерін 1948 жылы Әлкей Марғұланның экспедициясы тапқан екен, 2009 жылдары Айман Досымбаева қайта зерттеу жұмыстарын жүргізген», – деді этнограф Манап Бектасұлы.

Экскурсия мүшелері ат басын тіреген келесі орын – «Мұртты» қорғандар. Ескерткіш айнала тастар үйілген жартылай қоршау секілді. «Мұртты қорғандар» Ерейментау мекенінде екеу екен.

Сапар барысында «Ел рәміздері – еркіндік нышаны» атты кездесу өтті. Кездесуге белгілі сәулетші, Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлы, Геральдикалық зерттеулер орталығы директоры Асылбек Байжұмаұлы, Ерейментау ауданы әкімі Абай Әлжанов, аудандық мәслихат хатшысы, депутат Медеу Әбжіков, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Төлеген Абдин, аудандық мәдениет үйі басшысы Сайлау Жылқыбаев, ҚР құрметті өлкетанушысы, тарихшы, этнограф Манап Әдірешев және ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аудан әкімі Абай Еламанұлы:

«Ерейментаудың қай тасын қопарсаң да тарихы мол ел. Бізде туристік бағытта 19 киелі орын бар. Осы орындарды насихаттау, көрсету мақсатында қолдан келгенше жұмыстар атқарып жатырмыз. Уақыт өте келе сіз болып, біз болып еліміздің туристік әлеуетін көтереміз деген ниеттеміз», – деп  экскурсияға қатысушыларға алғысын білдіріп, осындай сапарлардың жиі ұйымдастырылатынына сенім білдірді. Кездесу кезінде Елтаңба авторы, сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібековті аудан әкімі «Бөгенбай батыр» медалімен марапаттады.

Геральдикалық зерттеулер орталығы директоры Асылбек Байжұмаұлы «Бабалар жолымен» экспедициясының дәл осы Ерейментаудан басталғандығының өзінде үлкен мән жатқандығын атап өтті.

«Әр тастың ар жағында бір тағдыр, бір тарих жатыр. Сондықтан да осы экспедицияның басты мақсаты – көне тарихымызды жаңғырту. Осыдан кейін Баянауыл аймағындағы көне ескерткіштерге барсақ деген жоспар бар. Бұлардың барлығы тек мұражайда сақталмай, болашақ ұрпаққа жету керек және осы бағытта бізге нақты жұмыстарды іске асыру керек», – деді Асылбек Байжұмаұлы.

Экскурсия мүшелері ары қарай Бөгенбай батыр атындағы мұражайды тамашалап, тағы да тарихымызға қатысты бірқатар қызықты ақпараттармен танысты. Сондай-ақ алдағы уақытта «Бабадан қалған белгі» сынды экскурсиялар өз  жалғасын табатынына сенім білдірді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button