ЖаңалықРедакция таңдауы

Журналистер биліктің барлық тармақтары жұмысының тиімділігін арттыра алады — Асқар Омаров

ҚР Үкіметінің кезекті отырысында бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың негізгі тәсілдері қаралды, ол туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров баяндады, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген және жыл сайын олардың саны белсенді түрде көбейіп келеді.

АҚДМ басшысы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында берілген тапсырмаға сәйкес БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта журналистік қоғамдастықпен бірлесіп жұмыс тобы құрылды, сондай-ақ БАҚ туралы заңды жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар А. Омаров ведомствоның саланың кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударатынын атап өтті. Осы мақсатта медиа саласының мамандарын оқыту бойынша 2020-2021 жылдарға арналған арнайы жоспар әзірленіп, іске асырылды. Арнайы жоспарды жүзеге асыру барысында салалық журналистерді даярлау бойынша ЖОО-мен меморандумдарға қол қойылды, мультимедиалық білім беру-ақпараттық платформаcы және т. б. іске қосылды.

ҚР Премьер-Министрі қоғамдық пікірді қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Сондықтан мемлекет пен халық арасындағы тиімді байланыс құралы болуы үшін баспасөзге оңтайлы жағдай жасау – маңызды мәселе.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және тәуелсіз болуы тиіс екенін атап көрсетті.

«Осыған байланысты әзірленіп жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасы мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдістерін ескеруі тиіс. Заң жобасындағы жаңалықтарды үкіметтік емес ұйымдарды, жұртшылықты, сарапшылар мен журналистерді қатыстыра отырып, кеңінен талқылауға шығару қажет», — деп Ә.Смайылов құжатты осы жылдың соңына дейін Парламент қарауына енгізуді тапсырды.

Бұл ретте Үкімет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру үшін ашық ақпараттық кеңістікті дұрыс пайдаланып, әлеуметтік желілер мен блогосфераның рөлін ескеру маңызды екенін айтты.

«Қоғамдық бақылау функциясын орындай отырып, журналистер биліктің барлық тармақтары жұмысының тиімділігін арттыра алады. Бұл ретте баспасөзбен бірлесе жұмыс жүргізуге нақты қадамдар жасау керек», — деді ол.

Әлихан Смайылов орталық және жергілікті атқарушы органдарға ведомстволардың салалық қызметіне маманданған спикерлердің сапалы пулын құруды тапсырды. Олар мемлекеттік органдардың қызметі туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы тиіс.

Үкімет басшысының пікірінше, мемлекеттік органдардың ресми өкілдері, баспасөз хатшылары ресми хабарларды берудің жаңа форматына көшуі керек.

Кәсіби «құрғақ» тілде жазылған пресс-релиздерді таратумен ғана шектеліп қалуға болмайды.

Сонымен қатар мемлекеттік органның қызметін әлеуметтік желілерде белсенді жариялап, халықтың сұрақтарына тұрақты түрде жауап беру қажет.

Сөз соңында Әлихан Смайылов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірлескен күш-жігер Үкіметтің жұмысын бұдан да ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Басқа материалдар

Back to top button