Жаңалық Редакция таңдауы

Сенат төрағасы сессия жұмысын қорытындылады

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев VII шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясындағы жұмысын қорытындылады.

«Бүгін біз Палатаның екінші сессиядағы жұмысын аяқтап, қорытынды отырысымызды өткіздік. Бұл парламенттік маусымда біз маңызы зор тарихи өзгерістер мен іргелі істердің куәсі болдық. Сессия барысында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын бүкіл ел болып атап өттік. Сондай-ақ жыл басында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Қасіретті қаңтар оқиғасы, әлемдік геосаяси ахуал мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа тәсілдер мен шешімдерді талап етті. Осыған қарай Мемлекет басшысы кешенді реформалар топтамасын жариялады. Сол арқылы заң шығару қызметінің де басым бағыттарын белгілеп берді», – деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сенат төрағасы түбегейлі саяси өзгерістер қолға алынып, конституциялық реформа жүргізілгенін айтты.

«Әділетті Жаңа Қазақстан құрудың берік негізі қаланды. Шын мәнінде, еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Парламенттің мәртебесі артты. Азаматтардың құқығын қорғау тәсілдері жетіліп, халықтың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейді. Бұл өзгерістер жаңарудың басы ғана. Саяси жүйемізді реформалау одан әрі жалғаса беретіні сөзсіз. Бұл жөнінде Президентіміз нақты айтты. Осы бағытта Парламент бірқатар жаңа заң қабылдап, қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізуге тиіс. Жаңа сессияда осы жұмысты белсенді түрде жүргіземіз», – деді Сенат төрағасы.

Оның айтуынша, Парламент екінші сессияда Үкіметпен бірлесе отырып, 78 заң қабылдады.

«Олар Президентіміздің тапсырмаларын, ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арналды. Заң шығару ісінде адам құқығын қорғау, азаматтарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету мәселесіне баса мән берілді. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді, экономикамызды одан әрі дамытуды және еліміздің қауіпсіздігін күшейтуді көздейтін заңдар қабылданды. Сессия барысында азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған кешенді іс-шаралар мен қоғамдық-саяси бастамаларды заңнамалық тұрғыдан уақтылы қамтамасыз етуге баса мән берілді. Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жоюға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жан-жақты қолдауға арналған нормалар қабылданды. Осыған қарай сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен заңға бастамашылдық ету құқығын кеңінен пайдаланды. Бірінші сессияда Сенат депутаттары 7 заңға бастамашы болса, бұл сессияда 18 заң жобасы бойынша бастамашылдық жасады. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтаймыз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сессия барысында 2 парламенттік тыңдау және 4 Үкімет сағаты өткізілді. Онда ауыл шаруашылығын дамыту, жастар саясаты, бюджетаралық қатынасты жетілдіру, сыртқы және ішкі сауда, өндірістік қауіпсіздік, өңірлерді газдандыру сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Сенатта 30-ға жуық дөңгелек үстел өтті. Тұрақты комитеттер аймақтарда 10-нан астам көшпелі отырыс ұйымдастырды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button