ЖаңалықРедакция таңдауы

Теннисшілер «Президент кубогында» бақ сынайды

Елордада 17-24 шілде аралығында Ұлттық теннис орталығының жазғы хард корттарында ATP Challenger Tour және ITF Women’s World Tennis Tour сериясына енетін халықаралық «Президент кубогы» турнирі өтеді.

Биылғы «Президент кубогында» ел намысын еліміздің ұлттық және жастар құрамасының мүшелері, атап айтқанда, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Ти­мофей Скатов, Бейбіт Жұқаев, Денис Евсеев, Григорий Ломакин, Максим Батю­тенко, Гозаль Айнитдинова, Жібек Құлам­баева, Аружан Сағындықова, Сан­дуғаш Кенжебаева сынды әлемдік дең­гейдегі корттарда өнер көрсетіп жүрген теннисшілер қорғайды.

Сондай-ақ елордаға алыс-жақын шет­елдегі ең мықты деген теннисшілер де келеді деп күтілуде. Мәселен, қыздар ара­сындағы бәсеке көрігін Грузияның бірін­ші ракеткасы  – Екатерина Горгодзе (WTA рейтингте 144-орында), 2020 жылғы жұп­тық сындағы Олимпия ойындарының қола жүлдегері, бразилиялық Лаура Пигосси (124), теннис мамандары тарапынан Че­хия теннисінің болашақ жұлдызына балан­ған Линда Фрухвиртова (176), был­тырғы «Президент кубогының» чемпионы, грузиялық Мариам Болквадзе (185) қыздырмақ.

Ерлер бәсекесінде бақ сынайтын теннис­шілер де қара жаяу емес. Еліміздегі беделді жарысқа жыл сайын әлемнің ең үздік теннис­­­шілері қатысатыны жанкүйерлерге аян. Атап айтқанда, «Президент кубогында» әр жылдары Даниил Медведев (әлем­нің қазіргі бірінші ракеткасы), Андрей Руб­лев (ATP рейтингінде 8-орында), Ка­рен Ха­чанов (22), Миомир Кецманович (30), Се­бастьян Корда (46), Макс Перселл және бас­қа да танымал ойыншылар өнер көрсетті.

Сонау еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері, яғни 1991 жылы тұсауы кесілген «Президент кубогы» жарысы жыл сайы­н елордада жаз мезгілінде ұйым­дас­ты­ры­лады. 2007 жылы «Президент ку­богы» бәсекесі әйелдер арасындағы ITF және ерлердің ATP турнирінің бағ­дар­ла­ма­сы­на еніп, сол жылдан бері халық­ара­лық дәрежедегі турнир ретінде ұйым­дас­ты­ры­лып келеді.

Сол уақыттан бері бұл жарыста қазақ­стандықтардан Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев, украиналық Илья Мар­ченко, аустриялық Себастьян Оффнер, Германия құрамасының қазіргі капитаны Райнер Шаттлер, Аустралия ашық чем­пионатының және «Ролан Гаррос» чемпионы хорват Иван Додиг, жұптық сында «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдің екі дүркін жеңімпазы қытайлық Чжан Шуай секілді теннисшілер топ жарған.

Басқа материалдар

Back to top button