Жаңалық Редакция таңдауы

Қызыл кітап: Каспий итбалығы мен қар дәуаяғы

«Қазақстанның Қызыл кітабы» айдарының бүгінгі санында жануарлар санатынан Каспий итбалығына, өсімдіктер санатынан қар дәуаяғына тоқталамыз.

Каспий итбалығы (Pusa caspica) – итбалықтар  тұқымдасына жататын ескекаяқты сүтқоректі аң. Каспий теңізінде ұзақ биологиялық эволюцияның нәтижесінде басқа еш жерде кездеспейтін жануарлар дүниесі – эндемиктер пайда болған. Сол себепті итабалықтарды Каспий эндемигі деп те атайды.

Каспий итбалығының дене тұрқы – 125-160 см, салмағы – 65-80 келі. Денесі суда тіршілік етуге бейімделген. Мойны денесімен тұтасып біткендіктен басы айқын бөлектеніп көрінбейді. Құлақ қалқаны жоқ. Аяқтары ескек тәрізді. Башпайларының арасында қалың тері жарғақтары бар. Қара түсті арқасында теңбіл дақтары айқын көрінеді.

Каспий итбалығы түлейтін, шағылысатын және балалайтын кезде ғана теңіздегі аралдарға немесе мұз үстіне шығады. Шағылысқан соң шамамен 11 айдан кейін бір күшік табады. Екі күшік табуы сирек. Әрбір 2-3 жылда бір күшік туады. Қазақта итбалық күшігін аппақ терісіне қарап ақүрпек деп атайды. Ақүрпекті анасы 3-4 күндей майлы сүтімен қоректендіреді. Әбден семірген 2-3 айлық күшікті «май итбалық» деп, бір жылдан соң терісінің түсі өзгергенде «қара итбалық» деп атайды.

Жануар 50 жылға дейін өмір сүреді. Қорегін аулау үшін 80 метр тереңдікке дейін сүңги алады. Негізінен балықтар, шаянтәрізділермен қоректенеді.

Каспий итбалығы атына сай тек Каспий теңізінде аралған. Сәйкесінше Каспий маңы елдері – Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түркіменстанда ғана мекендейді.

1996 жылы Каспий итбалығы IUCN тізіміне «осал түр» ретінде енгізілді. 2008 жылы Халықаралық табиғат қорғау одағы Каспий итбалығын Қызыл кітапқа енгізіп, осы түрді «әлсіз түр» санатынан «жойылу қаупі төнген түр» санатына ауыстырды.

2020 жылдың көктемінде Каспий итбалығы Қызыл кітапқа енді.

Қызыл кітапқа енген өсімдік қар дәуаяғы (орамжапырақ тұқымдасы)- көпжылдық шөпті өсімдік. Жапырақтары тұтас. Гүл тостағаншасының жеке жапырағы тік тұратын, қап сияқты емес.  Аналық аузы өте кішкентай, әлсіз қос қалақты. Ежелгі түр, гүлінің құрылысының кейбір қарапайым белгілерімен ерекшеленеді. Мысалы, гүл тәжінен шығып тұратын ұзын аталықтар саны 16-ға жетеді. Басқа айқышгүлділердің аталықтары әдетте алтау, кейде төртеу немесе тіпті екеу де болады. Тығыз ашық жасыл жапырақтары мен көптеген ақ гүлдері бар өзгеше сәндік өсімдік. Тұқымдар жалпақ, жасымық тәрізді, бір қатарлы.
Тасты беткейлерде, қарлы тау басында, өзендер мен жылғалар жағасында, альпі шалғындарында өседі. Мәдени өсірілуі зерттелмеген. Марқакөл мен Батыс Алтай қорықтарында, сонымен қатар Қатонқарағай ұлттық паркінде қорғалады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button