Жаңалық Редакция таңдауы

Сенаторлар еліміздің елді мекендерін аралап, тұрғындарымен кездесу жүргізді

Парламент депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрудағы бастамаларын халық арасында түсіндіру мақсатында еліміздің елді мекендерін аралап, тұрғындармен кездесу жүргізді. Төменде бір топ сенатордың кездесулері туралы ақпарат.

Сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Осакаров, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында болып, аудан әкімдерімен, сондай-ақ жергілікті мәслихат хатшыларымен және аудандық ішкі істер бөлімдерінің басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында депутат жерлестеріне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының заң шығару жұмыстары мен өткен сессияда Сенат қабылдаған заңдар туралы жан-жақты айтып берді. Сенатор көптеген заң жобалары азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын баса айтты.

Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласының қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесті. Сенаторлар оларға VII шақырылымның 2 сессиясы барысында атқарылған жұмыстар туралы айтып, Парламенттің осы сессиядағы қызметі азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі кешенді шаралар мен қоғамдық-саяси бастамаларды іске асыру үшін уақытында заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков Қонаев қаласында болды. Ол аймақ активімен, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті және еліміздің саяси жүйесін сапалы трансформациялауға бағытталған конституциялық реформаның негізгі ережелерін талқылады. Депутат құқық қорғау органдарының өкілдеріне арнаған сөзінде жұртшылық құқық қорғау және сот жүйелерінен нақты өзгерістер күтіп отырғанын айта келіп, полицияның озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен ымырашыл судьяларға орын болмауы керектігін атап өтті.

Сенатор Владимир Волков өз сөзінде Парла­мент­тің заң шығару қызметі туралы таныстырды. Оның ішінде қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды күшейту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған заңнамалық актілер туралы айтылды. Ол сондай-ақ Конституцияның жаңартылған нормаларын және еліміз Президентінің басқа да бастамаларын іске асыру үшін 20-дан астам заңға өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті.

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен барды. Сенатор Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушыларымен орта арнаулы білім беруді дамыту мәселесін талқылады. Білім ошағының күндізгі бөлімінде 370-тен астам студент білім алуда. Сенатор оқу орнының материалдық-техникалық жағдайымен танысып, колледж оқытушыларымен әңгімелесті. Жиын барысында білім ошағына қолдау көрсету мәселесі және студенттерге арналған шеберхана құрылысына бюджеттен қаржы бөлу қажеттігі талқыланды.

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Алматы қаласында «Алматыкітап» бас­па үйінде еңбек ұжымымен кездесті. Сенаторлар Қазақстандағы баспа нарығын дамыту барысымен таныса келіп, жаңа тәжірибелерге назар аударды. Әлем және ТМД елдері арасында кітап басып шығару саласында үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан «Алматыкітап» баспа үйінің қызметін 200-ден астам мектеп пайдаланып отырғаны қуантады. Мектеп мұғалімдері мен оқушылар «Алматыкітап» әзірлеген платформа арқылы үздіксіз білім беруді жалғастыра алады. Сенаторлар Абай атындағы кітап үйінде болып, кітап саудасын жетілдіру мәселесіне назар аударды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button