Мақала Жаңалық Редакция таңдауы

Арқаның Һәм кербез алтын тәжі

Ұшса қыран құстың қанаты талатын, сайын даланың болмысына тамсанбайтын адам кемде кем шығар. Сондай тамаша табиғатқа ие мекеннің бірі, Арқаның Һәм кербез алтын тәжі атанған – қасиетті Қарқаралы мекені десем қателеспегенім. Мұнда тамыры терең тарих пен тамылжыған табиғаттың тылсымы тоғысқан. Табиғаттың барлық сұлулығын өз бойына жинап алған Қарқаралының өзен-көлдері, тау-тастары мен жазық даласы сан мыңдаған тарихтан сыр шертеді. Сұлулығымен тамсандырған, ақындардың жырына арқау болып, талайларға ән салдырған киелі Қарқаралыны сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес.

2022 жылдың 13 шілдесінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығы және «Тұғырлы хан – Оң хан» корпоративтік қоры «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» атты мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған пресс-тур ұйымдастырды. Пресс-турға Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы әкімдігі қолдау көрсетті.

Бұл сапардың негізгі мақсаты – аймақтарда мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді насихаттау және көнеден қалған тарихи ескерткіштер VІ-VІІІ ғасырлардағы түрік қағандығы мен VІІІ-ХІІІ ғасырлардағы қыпшақ заманында жасалған Қарқаралы тас мүсіндерінің тарихи құндылығын зерттеуге назар аударту арқылы өлкені таныстыру.

Қарқаралы өңірі тарихы аңыз болып айтылатын Қарқара құсындай құпияға толы, ал таулары қанатты тіршілік иесінің қауырсынынан жасалатын, сәукеле іспеттес сәнді саналатын «қарқара» бас киіміне қатты ұқсайды екен. Халық арасында атаудың шығу төркініңде осы жағдай тұрса керек деген тұжырым бар. Қарқара сөзінің енді бір сипаты «тәж» мағынасында, басына тәж киген таулары бар Қарқаралы ашық аспан астындағы мұражай іспеттес.

Ресми дереккөздер Қарқаралының тарихын 1824 жылдан тарқатады, себебі құжаттар солай сөйлеп тұр. Бірақ осы өлкедегі 400-ден аса қорымдар, ескі қоныстар және Талды қорымынан табылған алтын адам мекен тарихының 3000 жылға дейін баратындығын көрсетеді. Демек қасиетті Қарқаралының шежіресін екі ғасырға сыйғыза салу шынында да ақылға қонбайды.

Қарқаралының киелі топырағында қаз дауысты Қазыбек би, шертпе күйдің атасы – Тәттімбет, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, әнші Мәди, саяси қайраткер Әлихан Бөкейханов, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебеков дүниеге келген.

Пресс-тур барысында ең алдымен «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» атты аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесу қонағы сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Барыс орденінің иегері – Жандарбек Мәлібекұлы болды.

«Қарқаралы – Алаш ардақтыларының ізі қалған қасиетті мекен. Ұлт руханиятының бесігі. Біздің Қарқаралыда алтын адамның бірі табылған. Әлі де сыры ашылмаған, тарихы зерттелмеген орындар баршылық»,- деді аудан әкімі Ерлан Құсайын. Сондай-ақ аудан әкімі бұл сапар алдағы сапарлардың бастамасы болатындығына сенім білдірді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы жас ұрпақты елді сүюге тәрбиелеуде мемлекеттік рәміздердің орны ерекше екендігіне тоқталды.

Баспасөз турына қатысушылар барған бірінші мекенжай Құнанбай қажы мешіті болды. Қарқаралыны көруге келген әрбір адам алдымен атбасын бұратын, тарихи ғимараттардың бірі – Құнанбай қажы салдыртқан мешіт. Мешіт 1850 жыл мен 1851 жыл аралығында салынған.

 

 

«Мешіт қайта қалпына келтіру жұмыстары 1989 жылдары қолға алынды. Сол кезде «Абайдың медресесі» деген атпенен мәдениет және сәулет ескерткіштері қорына тіркелді. 1991 жылдан бері мешітке 4 рет қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мешіт – біз  үшін өте құнды жәдігер. Өйткені, бұл жерде Құнанбай мен Абайдың табанының ізі, қолының табы қалған»,- деп аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әбиұлы мешіттің тарихынан сыр шертті.

Экскурсия мүшелері барған келесі аялдама аудандық тарихи өлкетану музейі болды.  Қарқаралы музейі 1977 жылы 7 қарашада ҰОС ардагерлері Ә.Аймақов, С.Аманбаев, Б.Иманқұлов, Ш.Мезгілбаев, Н.Спатаев бастаған ынталы топтың бастамасымен қоғамдық негізде құрылған. Музейді құруға  Б.Дуанбеков, Қабден Баймұханбетов,  Ж.Қадауов, Е.Едігин, С.Түсіпбеков, М.Аубакиров, Т.Тохметов, Б.Ахметова, А.Омарбаев, А.Ахметов атсалысқан.

Музейде сонау тас дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі Қарқаралының дамуы мен өлкенің тарихы көрсетілген 7 зал, 8300-ге тарта жәдігер бар. Мұнда археология, этнография, қолданбалы қолөнер бұйымдары, нумизматика, сирек кітаптар, картиналар, құжаттар мен фотоматериалдар саласындағы құнды жәдігер сақталған.

Келе кезекте пресс-турға қатысушылар Қарқаралыдан 20 шақырым жердегі Шүнгілтай қыстағы жанындағы тарихи орындарға барды. Ол жерде әлі зерттелмеген, сыры ашылмаған, тарихы белгісіз балбалтастар бар. Ал осы тарихи мұраларды Шүнгілтай қыстағының иесі Серік Жұмабек көзінің қарашығындай сақтап отыр.

Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры  Асылбек Байжұмаұлы:

«Біздің негізгі мақсатымыз – әлі зерттелмеген жерлерімізді, айтылмаған тарихымызды, тастағы таңбаларымызды көрсету, насихаттау. Қарқаралы жері әлі де зерттеуді қажет етеді»,- деп алдағы атқарылатын жұмыстардың бағыты айқындалғанын айтты.

Тарихы тасқа қашалып, шежіресі санаға сіңген киелі өлкенің әлі де талай ұрпақтың ат басын тірейтін, ел шежіресін білгісі келген әрбір жанның келуі керек мекен екені анық.

Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Ғажайып ертегі-аңыз Арқадағы.
Өзіңе ғашық болып өтер әр жан,
Тәттімбет, Мәдилерден бар хабары, – деп ақын Абдрахман Асылбек жырға қосқан Қарқаралы әрбір қазақ көруі тиіс жер екен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні пресс-турға қатысушылар Қарқаралы келіп тарихтың талай парақтарын ақтарып, түрлі естеліктерді естіп қана қоймай, рухани түрде демалып қайтты.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button