ЖаңалықРедакция таңдауы

Ұлттық құрамамыздың қоржыны тағы да медальдармен толықты

Қазақстан оқушылары физикадан халықаралық олимпиадада 1 алтын мен 4 күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Telegram-парақшасына жазды..

«Ұлттық құрамамыздың қоржыны тағы да медальдармен толықты. Оқушыларымыз керемет нәтиже көрсетіп, физикадан халықаралық олимпиадада (IPhO) 1 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды. Жарыс Цюрих қаласында (Швейцария) 10-15 шілде аралығында өтті. Еліміздің намысын 5 оқушы қорғады. Олар 75 елден келген 368 жасөспіріммен сынға түсті. Балаларымыз өткен жылы 5 күміс ие болған еді. Осылайша биыл оқушыларымыз былтырғы көрсеткішті жақсарта алды. Ұлттық құрама қоржынына алтын медальді Даниил Шатохин, күміс медальді Ерсұлтан Пітебай, Владимир Лим, Дінмұхаммед Рахымжанов және Ризабек Алпамыс әкелді», – деді ол.

Министр оқушыларды үлкен жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта да жеңіс тіледі.

«Осындай беделді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ақшалай сыйақы алып, ұлттық жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа түсе алатынын еске сала кетейін. Сонымен қатар жүлдегерлердің педагог-тәлімгерлері де төлем алады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұған дейін математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасына қатысқан еліміздің 6 оқушысының 3-еуі күміс, 3-еуі қола медаль жеңіп алғанын жазған едік.

Басқа материалдар

Back to top button