«Рухани жаңғыру» аймақтардаЖаңалық

Қасиетіңнен айналайын қара шаңырақ

25 шілде күні Жуалы аудандық «Достық» мәдениет үйінің алаңында аудан әкімдігінің жанынан құрылған «Бастау» ресурстық тобының ұйымдастыруымен «Ақ отауға - ақ бата», «Қасиетіңнен айналайын қара шаңырақ», «Отан отбасынан басталады» тақырыптарында жас отбасыларға арналған танымдық үш тақырыптың басын қосқан кеңейтілген кеш өтті.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ерлі зайыптылардың арасындағы қарым қатынасты нығайтуға бағытталған шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық сот төрағасы Бабырхан Әбуов, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, Әкелер алқасының төрағасы Әбуғали Ералиев, аналар алқасының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова және аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрилә Мәлібекова, Батагөй қария Сарымсақ ата қатысып, отбасындағы тәлім тәрбие туралы, қара шаңырақтың қасиеті туралы кеңінен түсінік берді.

Кештің шымылдығы «Той жыры» әнімен бірге жас жұбайлардың театрландырылған көрінісімен ашылды. Сонымен қатар, «Жар-жар» әнінің ырғағымен жас жұбайлар ортаға шақырылып, жеке-жеке таныстырылды.

Шара барысында жас отбасыларға неке куәліктері табысталып, «Қалың қалай, ақ келін?»  айдарымен келіндерге және өмірде жігер беретін, дұрыс өмір сүруге бағыттайтын «Тамшы сөз бен қамшы сөз» айдарымен күйеу жігіттер сұрақ-жауап, нақыл сөздерден ойтанымдық жарыс ұйымдастырылды.

«Қара шаңырақ» әнімен бастау алған сырласу кешінде қасиетті қара шаңырақ турасында құнды деректер айтылып, шаңырақтың ұйытқысы, жылу берер, жарық берер шырағы аяулы аналар мен ақжарқын келіндер туралы айтылды.

Шараға ауданымыздағы өсіп өнген әулеттің дана әжелері, және олардың  келіндері мен немерелері қатысты.

Олар: тағылымы мол киелі шаңырақтың ақжаулықты анасы он төр баланы дүниеге әкелген Батын ана Ранай Аймағанбетова, мәдениет саласының ардагері, қырық жылдан астам ғұмырын кітапхана ісіне арнаған Бақыткүл Қанаева, Мәрзия Баққараева, аудандық мұрағаттың меңгерушісі Ажар Ақбалаева келіндерімен және немерелерімен бірге көрермендердің төрінен орын алып, отбасындағы салт дәстүр мен ене мен келін жарастығын көрсетті.

Шараның соңы ашық аспан астындағы ұйымдастырылған «Отан отбасынан басталады» айдарымен жас жұбайларға өмірлік кеңестер берілді.

Ұйымдастырылған шараның ерлі зайыптыларға берері көп болды, мақсаты да сол еді.

Басқа материалдар

Back to top button