Жаңалық Редакция таңдауы

Сауд Арабиясымен серіктестік экономикалық жоспарды іске асыруға үлкен мүмкіндік – сарапшы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сауд Арабиясына жасаған сапарында бірқатар маңызды инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Сауд Арабия елінің бизнес өкілдерімен өткен кездесу барысында президент: «Біз жүргізген талдауға сәйкес  Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі,  сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады», – деп атап өтті.

Кездесу барысында 13 меморандумға қол қойылып, екі ел бірігіп Алматы мен Шығыс Қазақстанда гидроэнергетикалық станция салу бойынша келісімге келді. Сауда-саттықты ұлғайту үшін тұрақты әуе қатынасын ашуға келісілді. Сонымен қатар тауар айналымын көбейту мақсатында Түркменстан-Иран арқылы өтетін темір жол желісі де пайдаланылатын болады. Бұл нарықты пайдаланып, мемлекеттер арасындағы байланысты арттыру, мүмкіндіктерді барынша іске қосу екі ел үшін де тиімді екені анық.

Алдағы уақытта ғарышты игеру, мұнай химиясы,  аграрлық сектор мен туризм саласында ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Қазақстан тарапы бидай, ұн және майлы дақылдарды Сауд Арабиясына тұрақты жеткізіп тұруға уағдаласты.

Инвестиция тарту, сауда-саттықтың дамуы мемлекет өркендеуінің негізгі бағыттарының бірі. Қазақстанның Орта Азия, Европа, Араб елдерімен және Ресей, Қытай сынды көршілерімен тең әріптестік негізінде байланыс орнатып, өзара экономикалық тығыз қатынаста болуы мемлекеттің дамуына оң әсер ететін фактор.

Мемлекет басшысы 2019 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі жөнінде кеңес өткізіп, агрохимия қызметін күшейту, гербицидтердің, минералды тыңайтқыштардың және элиталық тұқымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдануы қажеттігін атап өткен. Сонымен қатар заманауи агротехнология мен инновацияны енгізу керектігін де айтты.

Сондықтан да, әлемдегі ең ірі жиырма экономикасы мықты дамыған елдер (G20) қатарына кіретін Сауд Арабиясымен серіктестікті  дамыту республикамыздың экономикалық даму жоспарын іске асыруға үлкен мүмкіндік екені анық. Туризм мен мұнай-химиясы саласында жетістікке жеткен, көптеген жылдан бері біздің жетекші стратегиялық серіктестеріміздің бірі, бірнеше бағыт бойынша әріптестігіміз жолға қойылған Сауд Арабиясы патшалығы түрлі сала бойынша өзінің технологияларын дамыта білді. Аграрлық секторы, тау-кен саласы дамыған мемлекет ретінде Сауд Арабиясынан өзімізге алатын тәжірибе мол. Өздерінің орналасқан жеріндегі климаттық ерекшелігіне байланысты Сауд Арабиясында ылғалды үнемдеу технологиялары шығарылады. Бұл технологияны пайдалану еліміздегі аграрлық технологияны дамытуға ауқымды үлес қосады. Сауд Арабиясымен бірлесе гидроэнергетикалық станция салу еліміздің энергетика саласына оң ықпал етеді. Өзімізде өндіріліп жатқан тауарларды Сауд Арабиясы нарығына шығару, экспортты әртараптандыру мемлекетіміз үшін пайдалы болары анық. Бұдан бөлек, инвестициялық байланыс орнаса келешекте біздің елімізде көптеген зауыттар, компаниялар ашылып, бірнеше мың жұмыс орны пайда болады. Алдағы уақытта екі елдің сауда-саттығы артып, байланысы бұдан әрі кеңейе береді деп сенеміз.

 

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button