Жаңалық Редакция таңдауы

Моно және шағын қалаларды дамытуға қанша қаражат бөлінгені айтылды

Ауыл аймақтарды дамыту бойынша жаңа шаралар қабылдау әрі оларды үйлестіру мақсатында Министрлік қазіргі таңда Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу мәселесін пысықтауда. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

«Тұжырымдама ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын, кәсіпкерлікті және агроөнеркәсіпті дамыту бойынша, кадрлық әлеуетін арттыру, тұрғындардың Интернет желісіне қол жеткізуін ұлғайту және тағы басқалар бойынша кешенді іс-шаралар қамтитын болады. Бұл ретте, осынау құжатта жауапты мемлекеттік органдарды айқындай отырып, жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша нысаналы параметрлер қарастырылатын болады. Моно-және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту үшін 2022 жылы 28 қалада 57 жобаны іске асыруға 25,8 млрд теңге бөлінді», – деді министр.

Қуантыровтың атап өтуінше, ұлттық жоба аясында осы уақытқа дейін әкімдіктер 9,2 млрд теңгені немесе жылдық жоспардың 35,8 пайызын игерді. Қаражаттың ең аз игерілуі Павлодар және Алматы облыстарында байқалды.

«Моноқалаларды дамыту ісінде кешенді ұстаным қолдану мақсатында, сондай-ақ жаңа шараларды жүйелеу әрі іске асыру үшін Министрлік қазіргі таңда тиісті Жол картаны әзірлеуде. Жол картасында Моноқалаларды мемлекеттік қолдау шараларының Бірыңғай тізбесін, әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеу, индустриялық аймақтар мен озыңқы даму аумақтарын құру және т. б. мәселелер қарастырылған. Ауылдар мен моноқалаларды дамыту бойынша жоғарыда көрсетілген барлық ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлерге қарау үшін жолданды. Жалпы алғанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының іс-шаралары бекітілген жоспар-кестеге сәйкес іске асырылып жатыр, әрі Министрліктің тұрақты бақылауында», – деді ведомства басшысы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button