ЖаңалықРедакция таңдауы

Қызыл кітап: Итаю мен Линчевский кемпіршөбі

«Қазақстанның Қызыл кітабы» айдарының бүгінгі санында жануарлар санатынан итаю туралы, өсімдіктер санатынан линчевский кемпіршөбі туралы ақпаратпен бөлісеміз.

Итаю – 1-санатқа жататын сирек кездесетін түр. Шектеулі аумақтардан 1-2 бас кездестіруге болады. Оңтүстік және оңтүстік-батыс Үстіртте және Қарынжарық ойпаттарында, Маңғыстау облысының оңтүстік бөлігінде таралған. Итаюлар негізінен сексеуіл өсетін жазықты және шағын қыратты жерлерде мекендейді. Сол сияқты баялыш, қараған, түйесіңір өскен жерлерде де кездеседі.

Дене тұрқы 68 – 75 см, құйрығының ұызндығы 17 – 20 см. Аяқтары қысқа, табаны жалпақ, жер қазуға бейімделген ұзын, өткір тырнақтары бар. Терісін сирек, қатты түктер жапқан. Бауыры қара-қоңыр, арқасы ашық түсті келеді. Итаюдың тіршілігі аз зерттелген. Негізінен кешке қарай не түнде белсенді тіршілік етеді. Қыс қатты суық болғанда ұзақ мерзімге қысқы ұйқыға кетеді. Жылына 1 рет көбейеді. Қыркүйек – қазан айларында ұйығып, 7 айдан кейін аналығы 1 – 2 бала табады. Итаю – қорек талғамайтын жануар. Олар омыртқасыздармен және омыртқалылармен (кесіртке, ұсақ құстар, қоян, құмтышқан, т.б.), өсімдік тамырымен, жемісімен қоректенеді. Әсіресе, Итаю – тасбақалардың жауы, оларды інінен қазып алып жейді. Қазақстанда 1983 жылдан бері 10 – 15 дарабасы ғана тіркелген. Өте сирек кездесетін аң болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген (1996).

Линчевский кемпіршөбі – Сырдария Қаратауының орталық бөлігіндегі жоғарғы және ортаңғы тау белдеулерінің тасты шыңдарында кездеседі. Бірегей аласа бұта (биіктігі 10 см шамасында), сұр жасыл жалпақ жастық түзеді. Әсіресе гүлдеу кезінде қарама-қарсы түсті ақшыл тостағаншаларымен және қызғылт гүл тәжімен өте тартымды. Түр өткен жылдардағы малды шектен тыс жаю салдарынан зардап шекті. Қазіргі кезде популяциясының біразы Қаратау қорығында қорғалады. Мәдени өсірілуі табиғаттағы сияқты зерттелмеген.

Басқа материалдар

Back to top button