ЖаңалықМақалаРедакция таңдауы

Сайлау жүйесі қалай өзгерді?

Сайлау жүйесіндегі өзгерістер мен күтілетін нәтиже туралы «Қазақстандық қоғамдық даму инс­титуты» КеАҚ Басқарма Төрағасы, сая­саттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгельдинов өз пікірін білдірді. Басқарма Төрағасының айтуынша қазіргі бастама­лар «әуелі саясат, содан кейін экономика» қағидасы негізінде жүргізіліп жатыр.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында төрт саяси реформалар пакеті қабылданды. Сайлау жүйесіне, саяси партияларға қатысты бірнеше заң­намаға өзгертулер енгізілді. Биыл Консти­ту­цияның 33-бап, 56-тармағы жаңар­ды. Халық референдумды қолдады. Жер­гілікті өзін өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Осының аясында елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде 800-ден астам ауылдың басшылары халықтың тікелей сайлауымен лауазым иеленді.

Конституциядағы маңызды өзге­рістің тағы бірі мәслихаттың құзіретіне бай­ланысты. Егер сайланған әкімді халық жарамсыз деп санаса, онда оған мәс­лихат арқылы сенімсіздік біл­діреді. Мәс­лихаттың құрамы да бұ­рынғыдай партия тізімімен емес, ауыл, аудан, қала дең­гейінде толықтай мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы жүзеге асады. Яғни бір мандатты округ арқылы кез келген азамат өзінің конституциялық құқығын қорғай отырып, депутат атануға мүмкіндік алды. Бұл – жергілікті белсенділерге, туған жерінің дамуына үлесімді қосамын деген азаматтарға жол ашады. Бұл – тікелей сайлаудың артықшылықтары. Әкім мен халық арасындағы байланыстың нығаюына, жауапкершіліктің артуына және жұмыстың тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Жергілікті мәслихат төрағасы бұ­рын­ғыдай әкімге бағынышты бол­май­ды. Мәслихат құрамындағы депу­тат­тар өзін өзі ұсыну арқылы 100 па­йыздық мажоритарлық жүйемен сайланады. Осылайша тежегіш тепе-теңдік сая­са­ты­ның нәтижесінде әкім мен мәс­ли­­хаттың қарым-қатынасы теңеседі. Өйт­­кені бюджетті бекітетін де, кез келген шешімді қолдайтын да, сондай-ақ әкімге сенімсіздік таныта алатын да – мәс­лихаттар.

Ауыл әкім­деріне қара­ғанда аудан әкімдерін сай­лаудың орны бөлек. Өйткені ауыл­дардағы жол, су, электр жарығы секілді негізгі мәселелер бюджеті ауданда бекі­тіледі. Сондықтан ауданның ма­ңызы зор.

Аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін өзі басқару жүйесінің ма­ңызды бөлігінің бірі. Сондықтан аудан әкімін тікелей сайлаудың нәтижесі өте маңызды. Бұл бір жағынан сайланатын әкімнің жауапкершілігіне байла­нысты. Екінші жағынан халықпен қа­рым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына толықтай өз үлесін қосады.

Мемлекет басшысының сайлауға қатысты реформалары демо­кратиялық дамудың ілгерілей түсуіне тікелей әсер етеді. Ол Мәжіліс пен об­лыс­тық мәслихатқа пропорциялық-мажо­ритарлық жүйе арқылы, қала, аудан деңгейінде толықтай мажоритарлық жүйені қолдану қоғамдағы бүкіл тарап­тың, түрлі әлеуметтік топтардың мүд­десін қорғайтын оң өзгеріс болатынына сенемін.

 

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтың «Егемен Қазақстан» порталына берген сұхбатынан

Басқа материалдар

Back to top button