Жаңалық Редакция таңдауы

Колумбияда өткен дүниежүзілік конгресте Қазақстан тәжірибесі жоғары бағаланды

Әлемнің жетекші елдері Колумбияның Картахена қаласында бас қосып, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі ORP XXII дүниежүзілік конгресін өткізді. Еңбек қауіпсіздігі саласындағы ең маңызды жаһандық шаралардың бірінде әр ел өз тәжірибелерімен бөлісті.

Конгреске мұнай-химия, барлау-өндіру, тасымалдау және логистика, кадрларды даярлау және дамыту, сервистік қолдау, цифрландыру және басқа да салаларда жұмыс істейтін 40 елдің ұйымдарынан 500-ден астам делегат пен 100 сарапшы қатысты.

Атап өтерлік жайт, ТМД кеңістігіндегі елдерден тек Қазақстан өкілдері шақырылды. Себебі бүгінде еліміздің компанияларында «нөлдік жарақаттану» ұғымын енгізу жұмысы қызу жүріп жатыр.

Әсіресе, Қазақстанның «Vision Zero» әлемдік тұжырымдамасына қосылуы маңызды оқиға болды. Тұжырымдама «нөлдік жарақатқа» қол жеткізуге бағытталған және үш бағытты біріктіреді: қауіпсіздік, еңбек гигиенасы және қызметкерлердің амандығы.

Бұл тұжырымдаманың негізгі идеясы – қатерлерге жол бермеудің белсенді мәдениетін қалыптастырудың арқасында өндірістегі жазатайым оқиғаларды азайту және алдын алу.

«Шараға ТМД мемлекеттерінен қандай елдерді шақыру туралы мәселе туындаған кезде, біз бірден Қазақстанды таңдадық. Елдеріңіз ең қысқа мерзімде үлкен тарихи қадамдар жасады, бұл ең маңызды құндылықтар – қызметкерлердің денсаулығы мен амандығын нығайтуға және ілгерілетуге мүмкіндік береді. Ортақ түпкі мақсатымыз – барлық өндіріс қызметкерлерінің үйлеріне аман-есен оралуы», – деп атап өтті Кәсіби тәуекелдерді болдырмау жөніндегі халықаралық қордың президенті Ханс-Хорст Конколевский.

Бұл ретте еліміздің аса ірі өндірістік компанияларының басын біріктіруші – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобын ерекше айтамыз. 2022 жылы Қор «Vision Zero» тұжырымдамасының қатысушысы ретінде тіркелді.

Мамыр айында «Самұрық-Қазына» АҚ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Кәсіби тәуекелдерді болдырмау жөніндегі халықаралық қор тарихи үшжақты меморандумға қол қойды.

«Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің ESG/HSE сарапшысы Виктор Поднебесный Қазақстанның ORP конгресінде халықаралық бастамаға қосылу процесі туралы айтып берді.

«Менің презентациям Қазақстанда «Vision Zero» тұжырымдамасы аясында 5Z ережелерін енгізу мәселелеріне арналды. Тұжырымдама бес нөл ережелеріне негізделген: жазатайым оқиғалар, аурулар, ластану, қысым көрсету, білімсіздік. Біз әлі бастапқы кезеңдеміз, бірақ әлемдік бастамаларға белсенді қосылудамыз. Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің халықаралық ұйымдарының көшбасшыларымен кездестік. Осындай шаралар аясында біз саланың жетекші сарапшыларымен өз тәжірибемізбен бөлісеміз. Оның ішінде біз қазақстандық экономиканың драйвері ретінде осы бастамаларды бірінші болып игеріп, басқа отандық кәсіпорындарға үлгі көрсетіп отырған «Самұрық-Қазына»АҚ компаниялар тобының үлесі туралы айтып отырмыз», – деп атап өтті ол.

Оның әріптесі, тағы бір Корпоративтік университеттің ESG/HSE сарапшысы Асхат Сариев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тұрғысында HSE мобильді шешімдерін енгізу тақырыбында сөз сөйледі.

«Әлем көптеген сандық шешімдерді қажет ететін қиындықтарға тап болуда. Біз қызметкерлерге қауіпті іс-әрекеттердің алдын алуға, бюллетеньдер алуға, тексерулер, сауалнамалар жүргізуге, жедел желіні және басқа да көптеген функцияларды пайдалануға мүмкіндік беретін интеграцияланған мобильді қосымшалары бар веб-платформа туралы әңгімеледік. Қазіргі уақытта пайдаланушылар саны 100 мың адамды құрады, бұл барлық қызметкерлердің 98%-ін қамтиды. Біздің жоба Қор тобындағы үздік цифрлық шешім атанып, сондай-ақ халықаралық темір жол одағының қатысушылары арасында екінші орын алды», – деп атап өтті сарапшы.

Конгреске қатысушылар ең жақсы қолданылатын тәжірибелерді ұсынды, сондай-ақ негізгі салалық трендтерді айқындады.

Әлемдік қоғамдастықта үлкен қадамдармен ілгерілеп келе жатқан Қазақстанның тәжірибесін шараны ұйымдастырушылар да, әр елден келген қатысушылар да жоғары бағалады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button