Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Қазақстанда жастардың үлесі қанша?

Қазіргі әлемде адами капитал негізгі ресурс саналады. Сондықтан халыққа, бірінші кезекте жас ұрпаққа, олардың әлеуметтік өмірінің түрлі аспектісін зерделеуге ерекше назар аудару қажет. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары жастар саны айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған.

ҚР СЖжРА ҰСБ деректеріне сәйкес 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 14–29 жас аралығындағы жастар саны 3 739 802 адам, бұл ретте жастар саны 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 25 мың адамға азайған. Тұтастай алғанда, жастар санының азаюы – кейінгі 10–12 жылда байқалып келе жатқан үрдіс, жастар саны 2009 жылы 4,5 миллионнан асып, ең жоғары мәнге жеткеннен кейін азая бастаған. Абсолют мәндер бойынша ғана емес, салыстырмалы мәндер бойынша да ең жоғары көрсеткіштер халықтың жалпы құрылымындағы жастар үлесі 28,2% болған 2009 жылы тіркелген. Ал 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 19,8% болған.

Осы бір ұзаққа созылған үрдістің себебі неде? Жауап, ең алдымен, демографиялық толқындарда жатыр. 2009 жылғы жастар қатарында, ең алдымен, «беби-бум» кезеңінде, яғни туудың ең жоғары көрсеткіштері тіркелген кеңес дәуірінің соңғы онжылдығында – 1980 жылдары дүниеге келгендер болды. Содан кейін жыл сайын 1980 жылғылар жастар қатарынан шығып, орнына 1990 жылдардың екінші жартысы мен 2000 жылдардың басында туған саны аз буын келді, осылайша бұл үрдіс жастар санының азаюына әкелді. Мысалы, бала туудың ең төмен көрсеткіші Қазақстанда 217 мыңға жуық бала дүниеге келген 1999 жылы тіркелді. Бұл 1980 жылдардағы көрсеткіштерден шамамен 1,7 есе төмен, осылайша, кейінгі онжылдықта 1980 жылдары туған саны көп буын жастарының орнын біртіндеп 1995–2002 жылдар аралығында туған саны аз ұрпақ басты. Соның салдарынан жастар саны ұдайы азайып келгені байқалады.

2010 жылы жастар үлесі республика халқының жалпы санынан 27,8% болған, алайда 10 жылдан кейін – 2020 жылы бұл мән 20,2%-ға дейін азайды. Кейінгі онжылдықта халықтың жалпы құрылымында жастар үлесі орта есеппен жылына 0,7%-ға азайып отырған. Ортамерзімді перспективада жастар саны қалай өзгермек? Алдағы жылдары демографиялық құрылымның тағы бір өзгеруі басталып, жастар үлесінің азаюы қарсы тенденцияға ауысады: 1990 жылдардың ортасы мен 2000 жылдардың басы аралығында туған саны аз жас топтары бірте-бірте жастар қатарынан шығып, олардың орнына 2000 жылдардың ортасы мен екінші жартысында туған саны көп топтар келеді. Нөлден он төрт жасқа дейінгі жас тобы саны тұрақты түрде көбеюде. Мысалы, 2015–2020 жылдар аралығында өсім шамамен 750 мың немесе 16% болған. 2020 жылдың басында 14 жасқа толмаған қазақстандықтар саны 5 372 836 адам болған, бұл қазіргі жастар санынан 44% артық. Әрине, олар есейген сайын осы топтың өкілдері жастар қатарына кіріп, жастар санын көбейтеді. Жастар өсімінің оң үрдісі 2023 жылдан бастау алып, 2030 жылға қарай шыңына жетеді. Осы өзгерістерге әзір болу керек екенін айта кету керек, қазірдің өзінде (жоғары) білім нарығында, содан кейін, ең бастысы, еңбек нарығында жаңа келгендердің маңызды контингенті пайда болады деп күтіліп отыр. Еліміз олардың білімге, лайық жұмысқа және т.б. қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге дайын болуы керек.

Халықтың өңірлерге бөлінуіне тоқталар болсақ, солтүстік пен оңтүстік деп бөлу дәстүрге айналғанын айта кеткен жөн. Абсолют мәнде ең көп сан – 465 мыңнан астам жас азамат тұратын Түркістан облысында. Одан кейін Алматы қаласы (393 мың) мен Алматы облысы (392 мың) тұр. Жастардың ең аз саны Солтүстік Қазақстан (102 мың), Батыс Қазақстан (132 мың) және Атырау (134 мың) облыстарында тұрады.

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында жастардың жалпы санындағы қала жастарының үлесі 56,2%, қала жастарының саны ауыл жастары санынан артық. Сонымен, 1990 жылдары және әсіресе 2000 жылдардың алғашқы онжылдығында бұл көрсеткіш 55% деңгейінде сақталды. Кейінгі онжылдықтағы динамика 2010 жылдардың екінші жартысында қала жастарының үлесі артқанын көрсетеді.

Дереккөз: «Қазақстан жастары – 2021: Тәуелсіздікке – 30 жыл» ұлттық баяндамасы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button