Жаңалық Редакция таңдауы

Ағылшын тілінде сөйлеуді жетілдіретін 6 тәсіл

Тіл үйреніп жүрген адамдардың барлығы ағылшынша тез сөйлеп кете алмайды. Дұрыс жазады, оқиды, барлық сөздерді түсінеді, тек сөйлеу кезінде қиналады. Мұндай жағдайда адам курсқа барып қана қоймай, өз-өзімен жұмыс істеуі керек.

  • Ағылшынша ойланыңыз

Кез келген тілді тез үйренудің ең тиімді тәсілі — сол тілде ойлана беру. Егер сіз оқиғаны баяндау үшін алдымен өз тіліңізде ойланып, содан кейін ағылшын тіліне аударатын болсаңыз, біршеме қиындыққа тап болатыныңыз анық. Тіпті, екі және одан да көп тілді меңгергендер өзі біреуінен екіншісіне ауысқанда кідіреді. Демек, мәселе ойлаудан басталады. Бұл ретте сөздік қорыңызды жаңа сөздермен толықтырып отыруды ұмытпау керек.

  • Сөйлеу

Тіл үйренушілердің көпшілігі «сөздік қорым аз», «ойымды дұрыс жеткізе алмаймын» деген сылтаулармен сөйлеуден қашады. Мейлі акцентпен, мейлі қате сөйлеп болсын ауызекі тілді жетілдіру қажет.

  • Талдау

Серіктесіңізбен ағылшын тілінде сөйлескеннен кейін оны талдауға біраз уақыт бөліңіз. Диалог қалай өтті? Әңгіме барысын қаншалықты түсіндіңіз? Қандай жаңа сөздерді естідіңіз? Осылайша шағын талдау жасаңыз. Сол арқылы өз кемшіліктеріңіз мен мүмкіншіліктеріңізді анықтайсыз. Бұл тәсіл адамға келесі әңгімелесу кезінде сенімділікті арттыруға көмектеседі.

  • Тыңдау және оқу

Ауызекі тілде еркін сөйлеу үшін ең алдымен не керек? Әрине, сөздік қор. Көп білген сайын, сөйлеу оңай болады. Ал сол сөздерді жаттау үшін ағылшын тілін тыңдаудан және оқудан жалықпау керек. Мұндай сәтте, фильм тамашалау, радио, музыка тыңдау, кітап пен журнал, блогтарды оқу тамаша шешім болады. Әр түрлі материалдарды оқу және тыңдау кезінде жаңа қызықты сөздерді тауып, оларды жазып алыңыз.

  • Өз дауысыңызды жазып алу

Көп адамдарға өз дауысын есту ұнамайды, бірақ бұл сөйлеу тілін жетілдірудің өте жақсы тәсілі! Әрбір жазба арқылы өзіңіз мән бермеген нәрселерді ұғынасыз, сөйлеу деңгейіңізді анықтайсыз. Сонымен қатар, жазбаны оқытушыңызға немес ағылшын тілінде сөйлейтін адамға тыңдатып көріңіз. Олар өз пікірін айтып, қосымша кеңес бере алады.

  • Сөздерді емес, фразаларды жаттаңыз

Сөйлесу дағдысын жетілдірудің тағы бір әдісі — әңгіме барысында жеке сөздерді емес, әр түрлі сөз тіркестерін пайдалану. Себебі, біз сөздермен емес, фразалармен сөйлесеміз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button