ЖаңалықРедакция таңдауы

Торыш – домалақ тастар шашыраған жұмбақ дала

«Қазақстанның туристік маршруты» айдарының бүгінгі саны Маңғыстау түбегіндегі шексіз алқапқа шашыраған алып тас шарлар туралы болмақ.

Әлем – қазіргі заманғы ғылым түсіндіре алмайтын көптеген құпиялар мен құбылыстарға толы. Осы жұмбақтардың бірі – Маңғыстау түбегіндегі шексіз алқапқа шашыраған алып тас шарларының шығу тегі. Торыш шатқалындағы  шарлар алқабы таңданарлықтай жаратылыс.

Бұл жерге келген адамдарды мазалайтын негізгі сұрақ – осындай шар тәрізді тастар қалай пайда болды. Ғалымдардың пікірінше, осы шарлар шамамен 120-180 миллион жыл бұрын пайда болған. Олардың ең үлкенінің диаметрі 4 метрге дейін барады. Ғалымдар бұл сұрақтың жауабын 250 жылдан бері іздеп келеді. Алайда, ешқандай нақты жауап осы күнге дейін жоқ.

Шарлар алқабы – Батыс Қазақстанның ең қызықты және ерекше көрнекті жерлерінің бірі. Шар пішінді ғажайып тастар үстірт пен оның беткейлерінде шашырап орналасқан. Алып динозаврдың жұмыртқаларына ұқсайтын, ыстық күнмен шағылысқан үлкен тас шарлар мың жылдан астам уақыт бойы қазіргі Қазақстанның аумағында жатыр.

Әрине, мұндай тас жұмыртқаны ешбір жануар ешқашан жарып шыға алмасы анық. Шар көлемдері мен түстері әртүрлі,  негізінен құм мен саздан құралған. Ғалымдар бұл шарларды «түйіндер» деп атайды. Олардың пайда болуын зерделеу барысында «шарлар белсенді тектоникалық жарықтар аймағында жер қыртысында пайда болатын электр разрядтары нәтижесінде қалыптасқан болар» деген пікір айтылды. Шағын тас түйіні айналып, соның айналасында  тау жынысы ұлғая бастап, тасты шарлар пайда болған деседі.

Басқа материалдар

Back to top button