Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Баламның көзі неге дұрыс көрмейді?

Күннен күнге ғылым дамыған сайын экран кішірейді. Айтқым келгені, ол – телефон. Әрине, пайдалы жағы бар... Тіл үйрену, логикасын дамыту және т.б. жағын атап өткен жөн. Бірақ жастардың әсіресе сәбилердің көз жанары, дене бітімі, жүйкесіне зияны болмаса пайдасы тиіп жатқаны шамалы. Алаңдататын мәселе жөнінде мамандарды сөзге тарттық...

Тұрсынгүл БОТАБЕКОВА, ҚР офтальмологтары қауымдастығының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор

Статистика мәлеметтеріне сүйінсек, 1 сыныпқа барған балалардың арасында төмен көру қабілеті 4% -да, ал мектеп бітірушілерде 40% -ға дейін өседі. Оның себебі көп: әртүрлі электронды гаджеттерді жиі пайдалануы, мектеп оқу бағдарламасының қиындап кетуі, дұрыс тамақтанбауы т.б. Теледидар жоқ кезде, кітап – көз көрудің ең үлкен қауіп-қатері болып есептелген. Кейінірек оларды теледидар экранымен, одан кейінірек компьютер мониторымен алмастырды. Бүгінгі таңда көзі жақсы көретін жастардың жаңа жауы – смартфондар. Оның қауіп қатері алдынғылардан да асады. Балалар мен жасөспірімдерге ол неге өзекті болып табылады? Себебі, олардың көру ағзасы функциональді толық дамымаған. «Ақылды телефондарды» ұстап қолданғанда, олардың кішкентай экраны және мәтіннің кішкентай шрифті көзге деген ара қашықтықты едәуір, 20-30 см дейін қысқартады. Көз бұлшық еттерінің шиеленісуі пайда болады да, уақыт өте келе көз оған үйренеді. Бірақ, бұл әдеттен көз алысқа қараудан ақырындап тыйылады және содан алыстан көрмеушілік дамиды. Көп қосымшалары және ғаламтор арқасында «ақылды телефондарды» әр уақытта және кез келген орында қолдануға ыңғайлы. Бірақта, өз кезегінде бұл тәуелділікті туғызады. 5 минутсыз телефонға қарай алмайтын адамдарды бәріміз білеміз. Өзіңіз телефон алдында қанша уақытыңызды өткізесіз? Сонша уақыт бойы көздеріңіздің шаршауын әкеліп соғасыз. Сонымен қатар, оқыған кездегі жарықтың аздығы –көздің нашар көруіне әкеліп соғады.

Қаламқас ҚАНАПИЕВА,  психолог маман

Ия, қазіргі кезде телефон немесе гаджет деген дүние біздің және балаларымыздың өміріне «кіріп» алды десек артық емес. Бұл шындық. Біз үлкендер жиі-жиі осы дүниенің кейде артық екенін ойлаймыз. Мысалы қарапайым жанұя кейде әркім өз телефонына шұқшиып отыратыны белгілі. Бір бірімен әңгімелесіп, өткен күнді талқылап, келер күнді ақылдасуы деген сияқты жағдайларды көру некен-саяқ. Өзара байланыс жоқ. Керек десеңіз бір-бірін шексіз сүйетін ғашықтарда өмірде бірге, жақынырақ болудың орнына әлеуметтік желіде көп отырады. «Адамдар арасында табиғи, бір-бірінің көзіне қарау сезім байланысы құрып бара жатыр» деп қоғам проблемасына психолог мамандар біраз жылдан бері дабыл қағып келеді. Жаттықпаған, дайындалмаған, қолға алынбаған, ұмыт қалған нәрсе құрып кететіні заңдылық қой! Қазіргі кезде балалардың бір-бірімен қарым қатынасы, ұялшақтығы, өзіне деген сенімсіздігі, достарының болмауы және өзара жақындықтары ата-аналар арасында ұрпақтарына байланысты өзекті проблема болып отыр. Ал, дәрігерлердің бала дене қозғалысының азайуына деген жанайқайы, айтпасада белгілі. Бұнымен қалай күресуге болады? Сонда бұл жалғыз телефон гаджетпен емес бүкіл ғылыми-техникалық прогресспен күресу деген сөз емес па? Сондықтан баланы дүниеге әкелген соң, оның өміріне де біз жауаптымыз. Біз ата-аналар күніне баламыз неше уақыт телефонда отыратынын бір сәт назарымыздан тыс қалдырмасақ екен.

Рауан-Бану АҒЫБАЕВА, балабақша мұғалімі

Балаларға тым шектеу қоюға болмайды. Бірақ орынды қолдану керек. Бұл жерде ата-ананың ықпалы жоғары. Осы телефон арқылы неше түрлі сұмдық балалар санасына әсер ететінін видеоларды көргенде бала тұрмақ, үлкендер шошимыз. Бұны көрген балаға қатыгез деп кінәләймыз. Ал, сол телефонды сатып алып беретін кім? Қазіргі инновациялық технология дейміз бірақ балаларымыздың жақсыдан қарағанда жаман, зиян ақпараттармен сана-сезімдерін улап жатқандары қоғамдағы басты проблема. Сондықтан менің айтарым осы зиян сайттар мен видео жібергендерге заң тұрғысынан қандай да бір шара қолданса. Әкімшілік немесе айыппұл ретінде жаза болса нұр болары анық. Ия, бір жағынан жақсылығы мен жамандығы бірдей келіп жатқан заман болды. Не де болса тәрбиенің бәрі отбасынан басталады. Кез келген бала ата-анасын тыңдайды. Сол бала тыңдап жүрген кезінде, құлақ асатын кезде тәрбие мен бала санасын, ата-ана назардан тыс қалдырмау керек. Әсіресе мына өтпелі кезеңде бала мен қандай қарым-қатынаста боласыз, ары қарай сондай байланыс қалыптасып кетеді.

Бүгінгі таңда адамға смартфонсыз өмір сүру мүмкін емес, алайда офтальмолог мамандардың кеңесіне құлақ түрсек жаман болмас.

  1. Телефонмен қолданғанда жарық болу керек. Бұл терезеден түскен күн сәулесі немесе қосылған шам болуы мүмкін.
  2. Құралды бетіңізден алыс ұстауға тырысыңыз.
  3. Смартфонмен ұзақ жұмыс жасағанда, үзіліс жасаңыз. Көзден шиеленісуді алу үшін, алысқа қараңыз.
  4. Көзді жыпылықтатуды ұмытпаңыз. Әдетте көзді жыпылықтату өздігінен жасалады, бірақта көздің қатты шиеленісуіне байланысты, кешігіп азаю мүмкін.

Сәния СҮЛЕЙМЕН

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button