ЖаңалықРедакция таңдауы

Алматыдағы мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығын білесіз бе?

Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алматы қаласының 1000 жылдығына орай 2016 жылы 18 қыркүйек күні ашылды.

Мультимедиялық дәстүрлі  музыка орталығында қазақ халқының ән, күй, ақын-жыраулық өнерін жасаушы және бүгінге жеткізуші өнер тұлғаларының аспаптары орналасқан.

Орталықтың бел ортасында орналасқан  3D голограммадан төрт өңірдің белгілі өкілдерінің орындауында танымал ән-күйлер мен жырларды  тыңдай алады. Орталықта үш тілде QR код енгізілген. Мультимедиялық зал арқылы қазақ халқының сан ғасырлық өнері мен мәдениетіне саяхаттай отырып, әр өңірде сақталған музыкалық өнерімізбен бай рухани-мәдениетіміздің терең тарихымен танысады.

Орталықтың ашылу мақсатының бірі – заманауи озық 3D технологияларды музей саласына енгізу арқылы қазақтың бай және көркем дәстүрлі музыка өнерін халыққа және келешек ұрпаққа насихаттау, қазақ мәдениетімен танысуға келген шетел азаматтарының қызығушылықтарын қамтамасыз ету.

Экспонаттар қазақтың белгілі өнер тұлғаларының жәдігерлерінен тұрады. Экспонаттар өңірлік төрт мектепке жіктеліп орналасады. Олар:

  1. Жетісу дәстүрлі музыка мектебі.
  2. Оңтүстік Қазақстан, Сыр өңірінің дәстүрлі музыка мектебі.
  3. Батыс Қазақстан дәстүрлі музыка мектебі.
  4. Арқа дәстүрлі музыка мектебі.

Жетісу – қазақ халқының дәстүрлі ән, күй, жыр мектептері қалыптасқан құнарлы өңірдің бірі. Жетісудың дәстүрлі ән өнерін Кебекбай, Ноғайбай, Кенен, Қапез т.б. секілді жезтаңдай әншілер қалыптастырып жеткізді.

Оңтүстік Қазақстан мен Сыр бойы өңірінде Шортанбай, Мәделі, Шораяқтың Омары, Нысанбай, Балқы-Базар, Нұртуған, Кете Жүсіп  т.б. секілді атақты ақын-шайырлар мен жыраулар өмір сүрді. Олардың телегей-теңіз жыр-мұралары арқылы қазақ халқының басынан өткен сан ғасырлық тарихы бүгінгі ұрпаққа жетті.

Батыс Қазақстан өңірінің тереңнен тартатын жыраулық дәстүрін Мұрын, Мұрат, Қашаған, Абыл т.б. жыраулар қалыптастырып, дамытты. Олардың қайталанбас шығармалары ғасырлар бойы халқымыздың рухани-мәдени дамуына негіз болды.

Қазақ даласының Шығыс, Солтүстік, Орталық аймақтарын алып жатқан Арқа өңірінде әншілік, сал-серілік, күйшілік өнер дәстүрі кеңінен қанат жайды. Кең тынысты, әуен-ырғағы сан алуан Арқа мектебінің әншілік дәстүрін Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай, Мәди, Әсет, Уәйіс т.б. әнші-композиторлар айрықша биікке көтеріп, шарықтау шегіне жеткізді.

Басқа материалдар

Back to top button