Жаңалық Редакция таңдауы

Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасалады

Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасалады. Бұл жайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

«Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», – деп атап өтті ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының нақтылай түсуінше, рақымшылық тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілерге, сонымен қатар мемлекетке опасызсыздық жасау және билікті күшпен басып алуға айыптыларға жасалмайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы:

«Құқық қорғау органдарын реформалау туралы. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында. Қасіретті қаңтар оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры билікке қарсы «бунт» шығаруға әкеп соқты. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құттылып кетті. Шын мәнінде олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені, жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды», – деп атап өтті.

Президенттің айтуынша, құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері бірнеше рет Президентке өтініш жолдаған.

«Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл – орынды ұсыныс. Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын. Біз кез-келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ қаңтар оқиғасында қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек беріледі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button