Жаңалық Редакция таңдауы

Жолдау – 2022: эксперттік пікір

5 қыркүйек күні Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Жолдау – 2022: эксперттік пікір» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті. Шараны «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырысқа қоғамдық бірлестіктердің басшылары, саясаттанушылар, ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Отырыста талқыланған негізгі тақырып – Президент Қ. К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған, елімізде қордаланған мәселелерді шешу жолдары, халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған, мемлекетті одан әрі жаңғырту жөніндегі әлеуметтік қолдау шараларына қатысты жаңа міндеттер.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ  Бағдарлама жобалары басқармасының аналитик-менеджері Бейсенбаев Олжас Түсіпбекұлының, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ  Стратегиялық талдау тобының жетекшісі Нұрқатова Ләзат Төлегенқызының модераторлығымен өтті.

«Қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің ішкі саяси реформаларының орнықтылығы өте маңызды мәселе. Президент Жолдауындағы жаңа саяси практика, жаңа саяси дәстүр –  «жариялылық» принципіне үлкен көңіл бөліп отыр. Біздің зерттеушілердің жаз айларында жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, қазір қоғамда әлеуметтік-экономикалық мәселелер басым. Жолдауда да Мемлекет басшысының осы бағыттарға ерекше назар аударғанын көріп отырмыз», – деп Олжас Бейсенбаев бүгінгі отырыстан ұтымды пікірлер мен маңызды ұсыныстар күтетіндігін айтты.

«Еуропалық құқық және адам құқықтары институты» жекеше қорының Директоры Башимов Марат Советұлы мемлекеттік аппараттың жұмыс істеуіне тоқталды.

«Президент Жолдауы Әділетті Қазақстанды құруға негізделеді. Әділеттілікте ең бірінші жер мәселесін қарастыру керек. Мемлекет байлағының иесі халық болғандықтан, сол жерден шығатын мұнай мен газдың пайдасын халық көрмей отырғаны әділетсіздік. Екінші үлкен мәселе – құқық саласы. Осы саладағы түрлі әділетсіздіктер салдарынан парақорлық көп, ал құқық саласында әділеттілік орнамай елдің дамуы да жақсармайды», – деді Марат Башимов.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласында қызмет істейтін біздер үшін өте қуанышты жаңалық болды. Себебі әр оқушының жайлы жағдайда білім алуы біз үшін маңызды. Ендігі кезекте осы жобаны барлығымыз біріге отырып іске асырсақ деген ниет бар. Қазіргі уақытта балалардың қолайсыз жағдайда білім алуы, әрине өз кедергісін келтіреді. Осы білім саласына қатысты өзгерістердің барлығын іске асыру сіз бен біздің қолымызда», – деп мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуындағы ең перспективалы бағыты білім саласы туралы саясаттанушы, қоғам белсендісі Әділ Сайлаубек сөз қозғады.

ҚР Президенті жанындағы «Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының» жетекші ғылыми қызметкері Асанбаев Мұхит Болатбекұлы Жолдауда айтылған бағыттардың дұрыстығына тоқталып, қоғамдағы пікірталастың болуы саяси мәдениеттің қалыптасқан бір дәрежесін көрсететіндігін айтты.

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ  Стратегиялық талдау тобының жетекшісі Нұрқатова Ләзат Төлегенқызы әрбір азамат мемлекет дамуындағы өз жауапкершілігін сезіне білсе және сол жауапкершілікке сай әрекет етсе ел дамуында оң өзгерістер болатындығына сенім білдіретіндігін жеткізді.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын толыққанды іске асыру керектігі жайында «Amanat» партиясы қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ахмеди Ерлан Ерікұлы айтып өтті.

«Мемлекеттік қызмет жүйесі – қанша реформаласақта бір жүйеге келмей жатқан күрделі бюрократиялық аппарат. Экономиканы реформалау үшін бізге кәсіби мемлекеттік қызмет жүйесінің керектігі анық. Мемлекеттік басқару саласына да бәсекелестік керек деп ойлаймын», – деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ  сарапшысы Жұмағұлов Елдос Тәңірбергенұлы.

Отырысқа қатысушылар Жолдауда ұсынылған шараларды қолдап, елімізде қордаланған мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 1 қыркүйекте өткен Парламенттің кезекті сессиясында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады, онда жаңа, әділетті Қазақстанды құру жөніндегі кезекті қадамдар белгіленді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button