ЖаңалықРедакция таңдауы

«Ашық алаң» отырысында Жастар мәселесі талқыланды

Бүгін, 7 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстандық қоғамдық даму институты алаңында «Ашық алаң» отырысы өтті. Шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасының Жастар ісі жөніндегі комитеті және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы.

Отырыстың мақсаты – жастар ұйымдарының өкілдерімен пікір алмасу.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, жастар ресурстық орталықтарының басшылары, сарапшылар мен мемлекеттік грант иегерлері қатысты.

Іс-шара ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінiң басқарма басшысы Тастемір Ақұлан Өсерұлының модераторлығымен өтті.

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы Жұмағұлов Елдос Тәңірбергенұлы жастарды қолдау туралы айтты.

«Мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта 80 мыңға жуық студент жатахана мәселесімен қиындық көріп жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын студенттер үйін салу туралы Жолдауда тапсырма берілген болатын, тіпті бағдарлама да қабылданды. Өкінішке орай, осы жылдар ішінде көрсеткіш 6% ғана жақсарған екен. Жыл сайын студенттердің саны көбеюде, бұл қажеттіліктің арта беретіні анық. Сондай-ақ, Жолдаудағы жақсы бір ұсыныс ҰБТ-да көрсеткен көрсеткіштерге байланысты жеңілдіктер ұсыну. Бұл жастар үшін жаңа мүмкіндік болмақ»,- деді спикер.

Қазір елордада 14 ЖОО бар болса, барлығы 64 мың студенттің 12 мыңнан астамы жатахана тапшылығын көруде деген ресми деректер бар.

«Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық студенттер қозғалысының атқарушы хатшысы Азат Теңгебаев жатахана мәселесіне жекелей тоқталды.

«Биыл оқуға түскен студенттер саны ең көп бұл – Алматы қаласы. Олардың көбісі жатаханамен қамтылмаған. 2018 жылы 75 мың орындық жатахана салыну мәселесі қозғалған еді, бірақта биылға дейін 30 мыңға жуығы ғана салынды. Ал, негізінде түгелдей 2022 жылы аяқталу керек еді. Барлық дерлік ЖОО орындарында жатахана жетіспейді. Содан студенттер пәтерге шығу үшін қосымша жұмыс істеп, оқудан басқа дүниеге ойларын бөлу керек болады. Осыдан кейін олардың сапалы білім алуы қиындайды».

«Кез келген саланы дамытатын ғылыми тұс. Егер ғылыми қауымдастық болмаса ол сала керек пе, дамып жатыр ма деген сұрақтарға жауап бере алмаймыз. Жастармен жұмыс істеу саласында жастар қызметкерлерінің қазіргі таңдағы статусы бойынша ғылыми тұсқа акцент мүлдем берілмейді. Қазір оларға тек жылдық жоспарды жүзеге асыру ғана жүктеліп, сандарды неғұрлым көбейтуге жұмыс жасалады. Жастар орталықтарының негізгі атқаратын жұмыстары бекітілген, одан артық жұмысты орталыққа жүктеп керек емес»,- деді «Жастар қызметкерлері қоғамдастығының» сарапшысы Кеңшілік Сабыржан.

Сонымен қатар, волонтерлердің жұмысы бойынша да сөз қозғалды. Волонтерлер саяси науқанға, саяси іс-шараларды ұйымдастырып, өткізуге ешқашан араласпауы керектігі айтылды.

Отырыс барысында жастар саясатының өзекті тақырыптары, атап айтқанда, жастар ресурстық орталықтарының жұмысы және жас қызметкерлердің имиджін жақсарту бойынша ұсыныстар талқыланды. Сондай-ақ Президент Қ. К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын негізге ала отырып, ҮЕҰ өкілдері мемлекеттік жастар саясаты аясындағы бастамалардың үздік кейстерін ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын жария етті.

Басқа материалдар

Back to top button