Жаңалық Редакция таңдауы

Американдық Аризона университетінің филиалы ашылды

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универсиеті Аризона университетімен бірге қос дипломды мамандарды шығармақ.

Алғашқы 170 студент биылғы оқу жылынан бастап осы бағдарлама бойынша білім нәріне сусындайды. Бұл жоба Мемлекет басшысының Қазақстанда беделді шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасы негізінде қолға алынып отыр. Былтырдан құжаттарын реттеген екі жақ биыл мақсатты ойларын жүзеге асырды.

Қос дипломдық білім бағдарламасын жүзеге асыруды бастау сәті салтанатты түрде ұйымдастырылды. Аризона университеті, Қозыбаев университеті және ҚР Білім және ғылым министрлігі бірігіп, үшжақты меморандумға қол қойды. Бірлескен бағдарламалар бойынша оқыту үш тілде – ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Білім саласы  IT, инженерия, агротехнология мен биотехнология салалары бойынша арнаулы мемлекеттік гранттар қарастырылған. Бұл әріптестіктің негізгі басымдығы – бірлескен ғылыми зерттеулерді  дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқыту үдерісіне халықаралық дәрежедегі профессорлар мен бизнес-қауымдастық өкілдері жұмылдырылады.

Бағдарламаның жүзеге асырылуына қолдау көрсеткен облыс басшысы Құмар Ақсақалов жергілікті университет үшін бұл аса маңызды кезең екендігін атап өтті.

«Жоба өңірдің дамуына үлкен әсерін беретініне сенімдімін. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 170 студентті қабылдадық. Алдағы жоспар: университетіміздің білім алушылар санын 10 мыңға жеткізу», – деді СҚО әкімі.

Бірлескен жобаға серіктес таңдауда үлкен мән берілгендігі де айтылды. Салтанатты шараға қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:

«Алғаш рет Аризона университетінің үлкен филиалын ашып отырмыз. Бұл жоба табысты әрі маңызды. Алдымен грант, инфрақұрылым, жағынан үлкен қаражат бөлінді. Қозыбаев университетінің басқарма мүшелері жас, мықты, шетелде оқыған жастарды жоғары білім саласына тартуда. Біз бұл командаға толық сенеміз. Аризона университеті соңғы 5 жылда АҚШ-тың ең инновациялық жоғары оқу орындарының рейтингісіне кірді. Онда 1700 ПОҚ жұмыс істейді, оның ішінде 5 Нобель сыйлығының лауреаты, 7 Пулитцер сыйлығының лауреаты бар», – деді.

Сонымен қатар, Аризона университетінің вице-президенті Лизл Фолкстың айтуынша, студенттерге, екі бірдей ЖОО-ның оқытушылары мен профессорлары дәріс береді. Бұл бағдарламаның сәтті тұстарының бірі – студенттер 4 курста Аризона университетінің кампусына барып, шетелдік білім беру үдерісіне қатыса алады. Осылайша жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың бір жолы пайда болмақ.

Университет тарапынан жаңаша білім алудың үлкен дайындығы жасалған. Соның бірі – қолданысқа берілгелі жатқан ғимарат. Жаңа ғимарат заманауи оқу аудиторияларымен, демалыс бөлмелерімен қамтылған. Іс-шараға қатысушылар университеттің жаңа оқу-зертханалық корпусының ғылыми орталықтарына экскурсия жасап, тамсанды.

Бұл жобаның Қозыбаев университеті брендін жаңа деңгейге көтеруге, өңірден шықпай-ақ халықаралық білім алуға, сондай-ақ жастарды солтүстікқазақстандық ЖОО-нын таңдауға септігін тигізеді. Бұдан басқа, жоба өңірлерді кадрлармен қамтамасыз етуге және қазіргі заманғы оқу және ғылыми зертханалар құруға бағытталған. Алдағы жылы грант көлемі 500-ге дейін көтерілмек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button