ЖаңалықРедакция таңдауы

Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша ұлттық жоба әзірленді

Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын әзірледі.

Жобаның мақсаты – барлық ауылдық елді мекендерді бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру есебінен қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы теңгерімсіздікті қысқарту.

Жоба келесі негізгі міндеттерді шешуді көздейді:

  • Ауылдарда жетіспейтін медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар сияқты БМСК объектілерін салу.
  • Республиканың бүкіл аумағын заманауи көп бейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісімен қамту, соның ішінде инсульт орталықтарын, кардиология, реанимация, оңалту бөлімшелерін КТ, МРТ, УДЗ, ӨЖЖ және басқа да қажетті аппараттармен жарақтандыру.

Жоба шеңберінде ауылдарда 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін салу, реконструкциялау, қосымша жарақтандыру, соның ішінде 700 мыңнан астам ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік беретін жаңа 228 және жұмыс істеп тұрғандарының орнына 427 объект салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ауылдардағы медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар заманауи жабдықтармен жабдықталады, сондай-ақ тіркеу орны мен күту бөлмесі дизайнының бірыңғай тұжырымдамасы пайдаланылатын болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, республикада АМСК нысандарының тозуы 51,6%-ды құрайды, қазіргі уақытта 33 апатты нысан бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің алдын ала бағалауы бойынша, бұған шамамен 126,5 млрд теңге, оның ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге 9,16 млрд теңге қажет.

Жаңа медициналық нысандарды кадрлармен қамтамасыз ету үшін еліміздің 61 медициналық колледжінде 16 570 медбике мен 17 585 фельдшер дайындалады деп жоспарлануда.

Бұдан басқа, жұмыс істеп тұрған 12 орталық аудандық аурухананы жаңғырту және 20 жаңа көпбейінді орталық аурухананы ашу жоспарлануда, олар «алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, ауыр жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алады.

Нәтижесінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді 100 мың тұрғынға шаққанда 226,9-дан 134,85-ке дейін төмендету, 4 млн-нан астам ауыл тұрғындарын сапалы, жедел және жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз ету күтілуде.

Құжат жария талқылау үшін 21 қыркүйекке дейін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.

Басқа материалдар

Back to top button