Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақ киносының күні

Бүгін, 12 қыркүйек – Қазақ киносының күні. Биыл қазақстандық кинематографистер мен кино сүюші көрермендер мерекені 16-шы рет тойлауда.

1941 жылдың 12 қыркүйегінде көпшілікке аты аңызға айналған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ретінде белгілі Алма-Ата көркем фильмдер киностудиясы құрылған. Сондықтан дәл осы күні қазақ киносы дүниеге келді деп нық сеніммен айтуға болады.

2005 жылы Қазақстан кинематографистері одағының басшысы болған Бауыржан Нөгербеков 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп белгілеуді ұсынған еді. Сол күннен бастап бұл дата жыл сайын атап өтіліп келеді.

Бүгінде қазақ киносы шарықтау үстінде. Салалық заңның қабылдануы, ұлттық киноны қолдау орталығының құрылуы, қазақстандық кинофестивальдердің жаңа сапалық деңгейге шығуы, қазақстандық фильмдердің әлемдік кинофорумдарда мойындалуы және жоғары марапаттар алуы – мұның барлығы біздің кинематографтың мол әлеуетінен хабар береді.

Қазақ киноиндустриясы саласының тарихына келетін болсақ, 1925 жылы Қазақстан туралы тұңғыш деректі фильм – «Қазақ АКСР-нің бесжылдығы» жарыққа шықты.

1928 жылы Мәскеуде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы Халық комиссарлары кеңесінің жанында Бүкілресейлік трест – «Шығыс» акционерлік қоғамы құрылды, оның қызметі Шығыс елдерінің киножылнамасын жүргізуге бағытталды.

1929 жылы Қазақстанда «Шығыскино» трестінің базасында режиссер В.Турин «Түрксіб» фильмін түсірді. Бұл картина әлемдік кинематографияның одан арғы дамуына үлкен әсер етіп, ең үздік фильмдердің тізіміне енді.

1930 жылы «Шығыскино» трестінде басты рөлді сомдаған Серке Қожамқұловтың қатысуымен «Дала әуендері» көркем фильмі, Хәкім Дәулетбеков ойнаған «Жұт» көркем фильмі түсірілді.

1934 жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды.

1936 жылы Алматы кинохроникасы студиясында деректі фильмдер шығарыла бастады.

1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында «Амангелді» атты алғашқы қазақ көркем фильмі түсірілді.

1946 жылы «Абай әндері» фильмі шықты (режиссерлары – Г.Л. Рошаль, Е.Е. Арон; басты рөлдерде – Қ. Қуанышбаев, Ш. Айманов);

1952 жылы «Жамбыл» фильмі шықты (режиссері – Е.Л. Дзиган; басты рөлде – Ш. Айманов);

1967 жылы Қазақстанда мультипликациялық фильмдер шыға бастады. Алғашқы қазақстандық мультфильм болып суретші Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» саналады.

«Алматы кинохроника студиясының» атауы осы уақытқа дейін бірнеше рет өзгеріп, қазір ол «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ деп аталады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button