ЖаңалықРедакция таңдауыСолтүстік Қазақстан облысы

Сөз зергері Сафуан Шәймерденовке – 100 жыл

Солтүстік өңірдің киелі топырағына табанын басып, самал желін желпініп, саф ауасын жұтынып, ақ қайыңдар көлеңкесін саялап, талай тұлғалар жетілді. Солардың бірі Сафуан Шаймерденов биыл 100 жасқа толып отыр. Ағамыздың өмірден озғанына 15 жыл болса да, артына өшпес мұра қалдырған жанның есімі ешқашан ұмытылмасы анық.

Сафуан Шаймерденов қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, прозаик, драматург, аудармашы деген қасиеттерді арқалап өткен жан. Ардақтымыздың мерейлі жасы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Сондай ірі шара республиканың зиялы қауымының басын қосып, теріскейде өткізілді. Петропавл қаласында басталған той жазушының  кіндік қаны тамған Жамбыл ауданы, Аманкелді аулында жалғасты.

Астана мен Алматыдан жеткен құрметті делегацияны Мемлекет басшысының кеңесшісі Бауыржан Омаров бастап келді. Ол «Оқушылар сарайында» өткен жиында Президент Қ.Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып, айтулы датаның халық үшін маңыздылығын тағы бір баса көрсетті.

Деле­га­цияның құрамында Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәу­лет пен ақындар Марфуға Айтхо­жина, Несіпбек Айтұлы, «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас дирек­торы Дихан Қамзабекұлы, «Қаһармандар» қорының төрағасы Сабыр Қасымов, жазушы­лар Ахметжан Ашири, Жұма­бай Шаштайұлы, Сүлеймен Мәмет, ақын­дар Ғалым Жайлыбай, Дәулет­керей Кәпұлы, ғалымдар Нұрдәулет Ақыш, Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Жақып, әнші Нұрлан Өнербай, ақын-жа­зу­шылар Әділғазы Қайырбек, Жұмаш Кенебай, Дәулет Сейсенұлы, То­лымбек Әбдірайым, Асқар Алтай, Жан­бота Айтхожина,  т.б. бар. Бұлар жазушымен үзеңкілес болған, бірге қызмет істеген әріп­тестері, шә­кірт­тері, еңбегін зерттеп жүрен ғалымдар, жыр арнаған ізбасар­ла­ры, туған-туысқандары және бас­қа да зиялы қауым өкілдері.

Қызылжардағы мерейтойлық ша­­­­ра заманында ағамыздың қолдауымен ашылған Сафуан Шай­мер­денов атындағы қазақ класси­ка­лық гимназиясында жазушының қа­быр­ғаға орнатылған ескерткіш-тақ­тасына гүл қоюдан басталды. Одан кейін облыс орталығындағы «Оқушылар сарайында» «Сөз зергері – Сафуан» деген тақырыппен алқалы жиын өтті.

Шара барысында Сафуан Шай­­мерденов туралы алдың­ғы тол­­­­қын ағалар мен кейінгі тол­қын іні­­­лерінің, замандастары мен дос­та­­рының, туыстарының пікірлері топтастырылған «Сорайған Солтүс­тіктің қарағайы» атты жинақ­тың тұсауы кесілді. Құрастырушы жазушының немере інісі Сайын Шаймер­ден. Осы күні кешке мәртебелі меймандар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық сазды-драма театрында Сафуан Шаймерденовтің «Дөкей келе жатыр» атты драмасын тамашалады.

Келер күні қонақтар Сафуан ағамыздың туып-өскен мекені Амангелдіге жол тартты. Онда олар Сафуан Шаймерденовтің ата-анасы жатқан қорымға зиярат етіп, құран бағыштады, туған үйінің қабырғасына қағылған тақтаның ашылуына қатысты және ашық аспан аясында аудандық өнерпаздардың концерттік және спорттық өнерлерін тама­шалады.

Осы екі күнде Сафуан Шаймерденов туралы көптеген жылы лебіздер айтылды. Болмысынан дара туған азаматтың іс-әрекеттерінде, мінезінде ұрпаққа үлгі болар қасиеттері көп. С.Шаймерденовтың қаламгерлік өнері­не қоса жеке басының азаматтық қырлары, берік ұстанған позициясы әлі күнге дейін зиялылардың аузында. Желтоқсан оқиғасынан кейін Г.Колбиннің жазушылармен болған кездесуінде  Жұбан Молдағалиев екеуі ғана жастардың аяусыз жазалағанына өздерінің ашық қарсылығын айтқан. Сонымен бірге Қазақстанда шовинизмнің өршуін батыл айыптапты. Қазақтың ұлттық проблемаларының оң шешілуін биліктен ашық талап еткен оның бұдан басқа да батыл сөздері мен істерін жұрт аңыз қылып айтады. Мәселен, Жазу­шылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Сафуан Шаймерденовтің кеңестік дәуірдің билігі ұлтымызға теліген «Қазақ ұлт­шылдығы» деген теріс бағаны алдырып тастауды өзінің өжет те жігерлі мінезімен талап етіп, діттеген ойына жеткен. Қоғам қайраткері Сабыр Қасымов «Қиын заманда халқы үшін қайыспай тоталитаризмге қарсы тұра білгені – жазушының қаһармандығы», – деп жазушының азаматтық қырларына жоғары баға берді. Ал Марфуға Айтхожина жазушының жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиеленуіне ерекше көңіл бөлгенін еске алды. Осындай азаматтық, тұлғалық, ерекшелік мінездерін қонақтар жарыса ортаға салды. Олардың ұлы тұлғаның ұлылығын ұлықтап, көпшілікке танымал етудегі кемшін тұстардың да бар екенін байқап қалыпты. Шындығында, туып-өскен ауылында оған көше атының берілмеуі немесе өңірде оның тұлғалық келбетін сомдайтын ескерткіштің жоқтығы жергілікті билік пен атқамінерлерге айтылған үлкен сын.

Басқа материалдар

Back to top button