ЖаңалықРедакция таңдауы

Digital Bridge 2022: Қазақстанның цифрлық трансформациясындағы 5 басымдық

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумы өтуде.

«Сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдерге негізделеді. Осындай жағдайда Қазақстан өз алдына еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды.

Бұл үшін берік негіз бар. Бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елден озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді.

Қазақстан цифрландырудың дамыту векторын мазмұндық жағынан да, институционалдық тұрғысынан да нақты айқындағанын атап өткен жөн.

Мемлекеттік қызметтерді тек мемлекеттік органдар ғана көрсетпейді. Бізде жеке сектормен қалыпты өзара іс-әрекет жолға қойылған. Атап айтқанда, Каспий, Халық, BI Group және басқа да компаниялар мемлекеттік қызметтерге өздерінің платформалары арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Біздің азаматтарымыздан жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және тағы да 15 түрлі құжатты өзімен бірге алып жүруі және көрсетуі талап етілмейді.

Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады.

Заманауи және дамыған инфрақұрылымсыз ауылдық жерлерде цифрландыру ісін жүзеге асыру мүмкін емес екені сөзсіз.

Сондықтан Қазақстан халықаралық дәліздер мен деректердің трансшекаралық ағынына сай келетін цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде қалыптастырып келеді.

Трафик шоғырланатын әлемдік орталықтарға қосылу үшін транскаспий учаскесінде әзербайжандық серіктестермен бірлескен жұмыстар басталды.

Бұл жерде Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа жөнінде сөз болып отыр.

Адам – біздің басты байлығымыз екені сөзсіз.

Екі жыл бұрын әлемдік ІТ нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жетті. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш өсе береді. Сондықтан аталған салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары болады.

Біз бұл сын-қатерді жақсы түсінеміз. Сондықтан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндетін қойдық.

Осы биік мақсатқа қол жеткізу үшін бейінді университеттер өңірлік жоғарғы оқу орындарын қамқорлығына алды, грант арқылы оқыту кеңейіп, 12 жеке меншік IT-мектеп ашылды.

Жуырда Нью-Йоркке жасаған сапарым аясында «Digital Nomads» IT-қауымдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті.

Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет».

Президент айқындаған Қазақстанның цифрлық трансформациясындағы 5 басымдық:

БІРІНШІ. Адамға бағдарланған қызметті дамыту.

ЕКІНШІ. IT-сала үшін қолайлы жағдай жасау.

ҮШІНШІ. IT-инфрақұрылымды кең көлемде модернизациялау.

ТӨРТІНШІ. Цифрлық экономиканы және Индустрия 4.0-ді дамыту.

БЕСІНШІ. Адам капиталын нығайту.

Басқа материалдар

Back to top button