Жаңалық Редакция таңдауы

Уақытты тиімді өткізудің 7 ережесі

Уақыт бізге мұқтаж емес. Ол өз кезегімен өте береді. Керісінше, біз уақытқа мұқтажбыз. Екінің бірінің жанына барып: «Бірер минут уақытыңызды бөле аласыз ба?» деп сұрап көріңізші. 80 пайызы уақытының аз екенін айтады. Ендеше, алтындай уақытты тиімді өткізудің 7 ережесімен таныстыруды жөн көрдік.

Тайм-менеджмент — ағылшын тілінен тікелей аударғанда «уақытты басқару» дегенді білдіреді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, уақытты басқару мүмкін емес. Яғни, тайм-менеджменттің мәні — уақытыңды тиімді пайдалану.

№1 ереже: Дұрыс еңбек ету үшін, дұрыс демалу керек

Шаршаңқы, демалысқа зәру ағзадан келер пайда аз. Ол жұмысыңыздың өнімділігін нашарлатумен ғана шектеледі. Ал, керісінше уақытылы демалып жүрген ағза болса, ауырлық пен қиыншылықтарға қарсы тұрар күшке толы болады.

Бір сәт еш нәрсені ойламай, жүрегіңіздің үнін естіп көріңіз. Не болмаса, терезеге қарап ұшқан құсқа, жауған жаңбырға қараңыз. Көзіңіз әдемілікті көрсін. Қуаныш сыйлайтын дүниенің барлығы сізді демалтады. Жан рақатына ауық-ауық бөленіп тұрамын десеңіз, осы әдісті пайдаланыңыз.

Ісімізде береке болсын десек, нәтижеге жетсек екен десек, еңбекпен қатар демалысты да ұмытпауымыз керек. Мейлі физикалық, мейлі рухани күш бізге ауырлық етеді. Ол бір жағы денсаулыққа әсер етсе, бір жағы — жұмыстан ақырын алыстатады.

Жұмыс пен демалысты кезек-кезек ауыстырудың мынадай әдістері бар:

  • 12 сағат жұмыс істеп, 2 сағат демалу;
  • 6 сағат жұмыс істеп, 1 сағат демалу;
  • 3 сағат жұмыс істеп, 30 минут демалу;
  • 1,5 сағат жұмыс істеп, 15 минут демалу;
  • 1 сағат жұмыс істеп, 10 минут демалу;
  • 30 минут жұмыс істеп, 5 минут демалу.

№2 ереже: Асық, асықпа? Дұрысы, жоспар құр!

Жоспарды үнемі жазып жүру керек. Есіме сақтап қаламын деген бос әуре. Қолыңыздағы тізіммен жұмыс жасау өзінің нәтижесін алғашқы күні-ақ береді. Кешке қарай ертеңгі жоспарыңызды жүргізіңіз. Таңертең тізімді көріп, күніңіздің эскизін жасай аласыз. Жаңа бір іс туындаса — қосып қойыңыз.

№3 ереже. Бас тарта білу де — өнер

Өте сыпайы түрде бас тартуды үйреніңіз.

№4 ереже: Қажетсіз дүниеден бас тартыңыз

Бүгін бітірмеген ісіңіз сіздің беделіңізге дақ, бойыңызға артық жүк артады. Уақытты көп алатындардың қатарында әлеуметтік желі көш бастап отыр. Ол үшін де арнайы уақыт бөліңіз. Шектен шықпай, орнымен пайдалана білсеңіз, ісіңіздің табысын арттыруда интернеттің де ықпалы үлкен.

№5 ереже: Мен үшін маңызды не? — Өзіңізден сұраңыз

Істің үлкенінен бастап кішісіне қарай көшіңіз. Керісінше жасаған оңай емес пе деуіңізге болады. Бірақ, таңертең адам ағзасы сергек болады. Сол себепті маңызды әрі көбірек күшті талап ететін істерді күннің бірінші бөлігінде бітіруге тырысыңыз. Қандай да бір істі бітіретін меже қоюды да ұмытпағайсыз.

Барлық істерді мынадай төрт түрге бөлуге болады:

  1. Тығыз әрі маңызды;
  2. Маңызды, бірақ асығыс емес; 
  3. Тығыз, бірақ маңызды емес;
  4. Тығыз да, маңызды да емес.

Барлық іс осы төрт типтің біріне жатады.

№6 ереже: Уақытты бөлу арқылы жоспарлаңыз

Көлемді істеріңізді кішкене бөлшектерге бөліп үйреніңіз. Әр кішкене бөлшектің нәтижесі оң болған сайын, ісіңізге деген құлшыныс пайда болады.

№7 ереже: Өткен іске өкін(бе)?

Уақыт бізге берілген мүмкіндік. Оны бос өткізуден асқан қателік те, өкініш те жоқ. Сол себепті, бос уақытыңыз шыға қалса, оны да тиімді пайдалануға жұмсаңыз. Тым құрығанда рухани азық беретін, тынықтыратын іспен өткізіңіз. Әсем әуен тыңдаңыз, серуендеңіз. Әйтсе де, жоспардан ауытқымаңыз.

Бос уақыттарыңыздың салмағын өлшеу үшін, күніңіздің қалай өткеннін саралау үшін сізге есеп бере білу керек. Ұлы Абай айтқан әдісті өзіңіз де білетін боларсыз?! Күніне бір, ол қолыңыздан келмесе — айына бір есеп беріңіз. Осы арқылы ішкі бейнеңізді айнадан көргендей боласыз.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button