Жаңалық Редакция таңдауы

Қарағанды облысын дамытудағы негізгі 8 басымдық

Қарағанды өңірінің тұрғындарымен кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысты дамытудың 8 басымдығын атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.

БІРІНШІ. Өңдеу өнеркәсібін қолдау. Президенттің айтуынша, облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде өңдеу секторының үлесі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ көш бастап тұр.

ЕКІНШІ. Өңірдің транзиттік-тасымал әлеуетін арттыру. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы маңызы бар бірқатар автожол құрылысы бойынша тапсырмалар берді. Олардың арасында «Қарағанды – Балқаш», «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолдары, «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы, «Қарағанды – Қарқаралы» трассасы бар.

ҮШІНШІ. Моноқалаларды дамыту. Мемлекет басшысы атап өткендей, Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет. Себебі, инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы шағын қалалардағы түйіткілді мәселелерді бірі.

ТӨРТІНШІ. Экологиялық жағдайды жақсарту. ҚР Президентінің айтуынша, Қарағанды облысының, әсіресе қалаларының тұрғындары экология мәселесін ұдайы көтеріп келеді. Экология министрлігіне бұл мәселені бақылауға алу жүктелді.

БЕСІНШІ. Өнеркәсіп кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қарағанды облысында экология проблемасынан бөлек, өндірістік кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді. Мәселен, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді.

АЛТЫНШЫ. Сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамыту. «Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту қажет. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын. Көлді сақтау және каналды қалпына келтіру үшін барлық шаралар қабылдануы керек», – деді Мемлекет басшысы.

ЖЕТІНШІ. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту. Мәлім етілгендей, алдағы 3 жылда Қарағанды облысында 28 мыңнан астам балаға арналған жаңа мектептер салынады. ҚР Президенті аталған нысандарға жер телімін бөлу және оны коммуналдық желілерге қосу мәселесін қазірден бастап шешуді тапсырды.

СЕГІЗІНШІ. Облыс орталығын дамыту. Қ.Тоқаев атап өткендей, Қарағанды қаласын дамытудың бас жоспары 2007 жылдан бері жаңартылмаған. Оны урбанистердің озық әзірлемелері мен жұртшылықтың пікірін ескере отырып, кешенді түрде жаңарту қажет.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button