Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақ баланы неге қырқынан шығарады?

Жаңа туған сәбиді 40 күн толғанда ауыл аналары жиналып, бір ақсарбас еркек тоқтыны тойға арнап шалып, мол дастархан жаяды. Ұл баланы 40 не 41 күн, ал қыз баланы 37 не 39 күн толғанда «қырқынан шығару» ырымын өткізеді. Қыз бала ұл балаға қарағанда тез ширайды. Ұл бала баяу ширайды. Қыз бала 9 жасында, ұл бала 12 жасында балиғатқа толатыны содан.

Жалпы алғанда, баланы қырқынан шығарудың керемет ғылымдық және философиялық танымы бар. Жаңа туған баланың мойны 40 күнде бекиді, еңбегі 40 күнде қатаяды. Бала туған үйге түнде таң атқанша 40 күн шырақ жағып қояды. Ол бір жағы қауіп-қатерден сақтаса, енді бір жағы өмір бойы жарығы сөнбесін деген ырым. Босанған ананың да белі 40 күнде қалпына келеді, 40 күнде толық қол-аяғын бауырына алады. Қалжа жеп қалжырағаны басылады. Қазақ осындай ерекшеліктерді ескере отырып баланы қырқынан шығару деген өте тамаша, керемет маңызы бар дәстүр-салтты жасаған.

Алдымен күміс тегене немесе ағаш, болмаса сырлы тегенеге күміс жүзік, білезік, сырға, алқа сынды зергерлік бұйымдар салып, оның үстіне 40 әйел 40 қасық су құяды. Әр әйел суды ыдысқа құяр бұрын дауыстап үш жақсы тілек айтады. Кіндік анасы баланы сол сумен толық шомылдырады. Су баланың барлық денесіне тиюі керек. Толық жуылмаса, кейін балаға шілде қотыр шыққыш болып қалады деп сенген.

Баланы қырқынан шығарар алдында оның 40 күн киген «ит жейдесін» шешу рәсімі де өтеді. Ол жейдеге тәттілер, құрт, ірімшік түйіп, бір жуас иттің мойнына байлап қоя береді.

Ол итті балалар қуып жүріп ұстап алып, әлгі иттен жейдені шешіп алып, ішіндегі дәндерді бөлісіп жейді. Сосын итжейдені үлкендерге әкеліп береді. Ол жейдені сол ауылда бала көтере алмай жүрген жас келін болса, соған береді. Ол жейдені 40 күн басына жастап жатса, бала көтереді деп ырым етеді. Ал ондай жағдай жоқ болса, итжейдені баланың әкесі таза сандыққа салып сақтайды, алыс сапар алғанда, жорыққа шыққанда, аң аулағанда, дауға, жауға барғанда тұмар етіп, оң жақ қолтығына тығып алып жүреді, «сол кезде жолым болады» деп сенген. 40 күн періште күзеткен жейде киелі деп ырымдайды.

Дереккөз: massaget.kz, Этнограф Болат Бопайұлы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button