Жаңалық Редакция таңдауы

Алматы қаласында «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті

2022 жылдың 14 қазанында Алматы қаласында «Президент сайлауы: жаңа саяси дәуірге қадам» атты «Sarap» эксперттік клубының ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының саяси зерттеулер орталығымен бірлескен аймақтық отырысы өтті.

Шараны ұйымдастырушы – ҚР  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі саясаттанушылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, ҚР ҒЖБ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының қызметкерлері және ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Жиынға қатысушылар сайлаудың саяси жүйедегі рөлін талдап, кезекті сайлау процесіндегі инновациялар мен өзгерістерді, ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етуді талқылады.

Отырыс «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарованың модераторлығымен өтті. Өз сөзінде модератор алдағы президенттік сайлау елімізді үлкен өзгерістерге алып келетінін айтты:

«Алдағы болатын сайлаудың негізі, әлеуметтік сектор мен экономикадағы өзекті мәселелерді шешудің қажетті шарты мен жолы – бұл трансформация. Осы мәселелерді шешпей, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту, елдің адами капиталын дамытудың тұрақты іргетасын қалыптастыру мүмкін емес. Бұл сайлау – Қазақстандағы демократиялық өзгерістердің нышаны болмақ».

Кез келген ел үшін, сайлау – мемлекеттің қуаттылығы мен сайлаушылардың азаматтық жетілуінің үлкен сынағы. Мұндай пікірді саясаттанушы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты саяси зерттеулер орталығының басшысы Айдар Әмребаев білдірді.

«Мемлекет басшысының мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастамасы «Жаңа Қазақстанды» саяси жобалаудың барлық үдерісі тұрғысынан дәйекті қадам. Сайлау – ол қашанда сынақ. Әсіресе, біздің барлық мәселелерімізді әшкерелеген қаңтар оқиғасынан кейін. Қоғамдық сенімнің жоқтығы биліктің сайлаудағы басты «қарсыласы» және мемлекеттік басқарудың алдағы жаңа легитимизациясына кедергі. Бұл жағдайда мемлекеттік органдар туындаған әлеуметтік мәселелерді шешуде сарапшылық объективтілік пен зеректіктің айрықша дағдыларын көрсетуі тиіс. Мемлекет қазақстандықтарды толғандыратын өзекті мәселелерге шынымен «құлақ асуы» тиіс», – деп түйіндеді саясаттанушы.

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ стратегиялық талдау тобының жетекшісі Ләззат Нұрқатова өз сөзінде әйелдердің сайлау құқығы тақырыбын қозғады. Ол Қазақстанның саяси тарихында екінші мәрте ғана президенттікке кандидат ретінде әйел өкілдерінің ұсынылып отырғанын атап өтті. Сарапшы әйелдердің саяси мүмкіндіктері артқанымен, билікте аз өкілдік ету мәселесі әлі де бар деп санайды.

«Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасын дайындау шеңберінде ҚҚДИ-дың жаппай сауалнамасының нәтижелері бойынша гендерлік теңдікті бекітуге әлеуметтік-мәдени көзқарастар кедергі келтіруде. Осылайша, қазақстандықтардың 38,2%-ы ерлерді тиімдірек саясаткер деп таныса, тек 3,4%-ы әйелдер саяси қызметте табысқа жете алады деп есептейді. Олардың ішінде әйел респонденттерге қарағанда ерлерді тиімдірек саясаткер деп санайтын ер респонденттер 17,4%-ға көп. Сонымен қатар, саясатта жынысы маңызды емес деп есептейтін әйелдер ерлерге қарағанда 13,6%-ға артық. «Сіздің ойыңызша, тиімді саясаткер еркек пе, әлде әйел ме?» деген сұраққа, респонденттердің жартысынан сәл астамы ғана (55,2%) жыныс маңызды емес деп жауап берді».

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты саяси зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Рүстем Қадыржанов Мемлекет басшысының Президенттік мандатты 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсынысына түсініктеме берді.

«Нақтылық саяси жүйенің сапалық жақсаруына әкеледі. Нақты мерзімдерді белгілеудің арқасында саяси күштер өз әрекеттерін жоспарлай алады. Бұл саяси үдерістің жалпы даму векторын нығайтуға көмектеседі».

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Серікқазы Какыбаланов мерзімінен бұрын сайлау өткізудің себебін сараптады:

«Қоғамда сайлау тақырыбы қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Сайлаудың мерзімінен бұрын өтіп жатқанына сыни пікірлер білдіріп жатқандар да бар. Мерзімнен бұрын өтуіне әсер еткен негізгі фокторлар –сыртқы геосаяси және ішкі мәслелер екені көпшілікке түсінікті. Жыл басында орын алған қасіретті жағдайлар реформаларға себепкер болды. Енді сол реформаларды жүзеге асырып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту үшін билік осындай қадамға барып отыр. Сондықтан да бұл сайлауға әрбір азамат қатысып, ел болашағы үшін күресуі керек».

 «Алдағы сайлау бірқатар бірлестіктердің жұмысын жандандыруға ықпалын тигізеді, сондай-ақ сайлауға өз кандидаттарын ұсынуға мүмкіндік береді. Дегенмен, олардың саяси белсенділігі толыққанды артады деген сенімділік танытуға болмайды, өйткені олар жұмыстарын тек сайлаудан сайлауға ғана жандандыруы мүмкін.  Осы уақытқа дейін халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сайлауды сынап келгеніне қарамастан, алдағы сайлау мүмкіндігінше ашық өтеді деп болжау әділетті. Жарияланған сайлау – саяси жүйені трансформациялаудың маңызды кезеңі. Сайлау кезінде бұл процестің жағымды жақтарымен қатар кері тұстары да анықталатыны анық. Сол олқылықтар алдағы Парламент сайлауына түзетіліп, бекітілетініне сенімдімін», – деді саясаттанушы Джабраил Мархиев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button