ЖаңалықРедакция таңдауы

Жаңа дәуір – жаңа медиа

Кеше елордада осындай атаумен Astana Media Week-2022 форумы ашылды. «Қазмедиа Орталығы» телерадиокешенінде алтыншы рет өтіп жатқан басқосуда отандық және шетелдік жетекші медиаменеджерлер, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, ақпараттық платформалардың басшылары, журналистер, блогерлер және тәуелсіз сарапшылар тәжірибе алмасып, медиа төңірегіндегі әртүрлі тақырыптарды талқылайды. Форумда 150 отандық және халықаралық спикерлердің қатысуымен 30-дан астам іс-шара жоспарланған.

Халықаралық жиынға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «постшындық дәуірінің» ерекшеліктеріне тоқталды. «24 сағаттық жаңалықтар циклі мен әлеуметтік желілер жаңа кезеңнің – постшындық дәуірінің пайда болуына әсер етті. Бұл дәуірде қоғамдық пікір объективті фактілер емес, адамдардың эмоциясы мен субъективті сенімдеріне жүгіну негізінде қалыптасады. Сондықтан ол мемлекеттерге, үлкен корпорациялар мен медиакомпанияларға жаңа мүмкіндіктермен бірге жаңа қатерлер де ұсынып отыр. Қолына смартфон ұстаған кез келген адам ақпарат таратушыға айналған. Сондықтан желі кейде желікпенің сөзіне көрік басқан мұндай кезеңде талғамсыз тараған хабарды елейтін елек болмағандықтан, шын мен жалғанның, рас сөз бен жаланың, өсек пен өтіріктің араласып кететіні белгілі» – деді министр.

Сондай-ақ ол тексерілмеген ақпаратты жиі тұтынудың кері әсері туралы пайымын айтты. «Тексерілмеген сурет, анықталмаған, салыстырып, сарапқа салынбаған сенімге селкеу түсіретін жалған ақпарат, дерек-дәйегі жоқ дабыл жұртты шатастырады. Расталмаған, дереккөздерге сілтеме жасалмаған, эмоцияға толы бейнежазба, суреттермен қоса берілген кейде біреудің арына тиетін, жеке басқа, ірі компанияға жала жабылған алдамшы ақпараттар адамды адастырады. Мұны әдейі жасаған, таратқан яки білместіктен бөліскен жандар көбіне заң бұзғанын, адамның құқына қол сұққанын да сезіне бермейді. Бұл дегеніміз – постшындық, шындық сөздің орнына желдей ескен жылдам ақпарат, жаңалық пен жалғандықтың айырмашылығы тым қысқаруына әкеп соқты» – деді ведомство басшысы.

Форумда айтылған жаңалықтың бірі – TikTok-тың қазақша нұсқасы шығатын болды. Бұл туралы компанияның Шығыс Еуропадағы директоры Анастасия Панина мәлімдеді. «Қазақстан азаматтарының шығармашылық белсенділігі өте жоғары. Желіге көптеген адамдар түрлі бағыттағы контентті жүктейді. Сондықтан біз күзде өз өкілдігімізді ашуды ұйғардық. Бірлесе отырып пайдалы істерді жүзеге асырсақ деген ниетіміз бар» деді ол. Анастасия Панина әлеуметтік желінің қазақшаға аударылатынын да айтты. Одан бөлек, алдағы уақытта TikTok білім беру бағытында көбірек контент жасауға күш салмақ.

Медиа апта «Контент-маркет» көрмесінен басталды. Оған республикалық және өңірлік телеарналар қатысып, 50-ден астам продакшн-компаниялар таныстырылады. Жаңа телебағдарламалар, реалити-шоулар, мультфильмдер, көркем және деректі фильмдерді таныстыру үшін ашық питчинг ұйымдастырылады. Продакшн студиялар инвесторлар мен сатып алушыларды табу үшін эксклюзивті бейне контенттерін көрсетеді. Ал «ҚАЗАҚСТАН «РТРК» мен «Хабар Агенттігі» жабық тақырыптық питчингтер өткізеді.

Meta – Astana Media Week-тің жеке тақырыбы болады. Метағалам – цифрлық шындық, миллиондаған адамдар желіде кездесіп, виртуалды кеңістікте өзара әрекеттесетін 3D виртуалды әлем. Метаның дамуы БАҚ-қа қалай әсер етеді? Қазіргі оның медиа үшін қандай артықшылығы бар? Бұл сұрақтарға негізгі пленарлық отырыста еліміздің белгілі саяси қайраткерлері мен форумның хедлайнерлері ретінде шақырылған META және TikTok командалары жауап береді.

Пленарлық сессияға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және арнайы шақырылған қонақ Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов қатысты. Орта Азия өңірі қазір белсенді саяси және экономикалық реформалар кезеңін бастан кешіріп отыр. Өңірде жақсы өзгерістер бар, сонымен бірге, бірге халықтың сапалы және объективті ақпаратқа деген сұранысы артып келеді. Бұл – ақпараттық қоғамдастықтың алдында тұрған жалпы сынақ.

Бірінші күні AMW қатысушылары панельдік сессия аясында Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ортақ сын-қатерлерге ортақ жауаптарды қалай табуға болатынын талқылады. Әлеуметтік желіде медиа өнім жасайтын жаңа медиа өкілдері инфлюенсер – блогерлер де өзекті мәселелерді талқыға салды. Пікірталас алаңында блогосаланың эволюциясы, интернет ресурстарды монетизациялау жайы сарапталды.

Сонымен қатар 26 қазанда Astana Media Week аясында Nickelodeon телеарнасы мен Turanews.kz жаңа ақпараттық порталының тұсаукесері өтті.

Форумның екінші күні «Қазақстандағы жарнама ­меди­­а-­­нарығы: қазіргі жағдайы» тақырыбындағы пікірталас алаңынан басталады. Онда Орталық Азия жарнама қауымдастығының сарапшылары мен ірі ТВ сейлз хаус өкілдері 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижелері бойынша жарнамалық медиа нарықтағы жағдай туралы айтады. Сондай-ақ екінші күннің бірінші жартысында «Сериал индустриясының жаңа кезеңі» панельдік секциясы барысында отандық продакшн-студиялардың өкілдері, «Хабар Агенттігі» АҚ, «ҚАЗАҚСТАН «РТРК» АҚ, «31 арна» республикалық арнасы және басқа да медиа сарапшылар 2023 жылға арналған жаңа сериалдардың идеялары мен тақырыптарын ұсынады.

Жеке секцияларда журналистер даярлау мәселелері талқыланады. Бұл – өте өзекті мәселе, себебі журналистердің кәсіби құзыреттілігінің трансформациясына байланысты мәселе пісіп жетіліп отыр. Сонымен қатар «Журналист мәртебесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Оған Сенат пен Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысады.

Басқа материалдар

Back to top button